Header Banner

Заң мен тәртіп – қауіпсіз мектептің негізі

 Шахтинск қаласы білім бөлімінің Санжар Асфендияров атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры Есмаганбетов Арарат Мылтыкбаевичпен сұхбат

Қоғамның дамуы мен ел болашағы жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Ал тәрбиенің негізі – заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және өз құқығы мен міндетін білу. Бүгінгі таңда «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы артып, бұл бағыттағы жұмыстар білім беру ұйымдарында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Осы орайда Шахтинск қаласы білім бөлімінің Санжар Асфендияров атындағы жалпы білім беретін мектебінде атқарылып жатқан шаралардың маңыздылығы мен олардың оқушылар тәрбиесіне әсері туралы мектеп директоры Есмаганбетов Арарат Мылтыкбаевичпен сұхбаттасқан едік.

– Арарат Мылтыкбаевич, «Заң мен тәртіп» қағидатының мектеп өміріндегі маңызы қандай?

– Заң мен тәртіп – кез келген қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі. Мектеп қабырғасында білім алатын әрбір оқушы заңды құрметтеуді, өзгенің құқығын сыйлауды және жауапкершілікті сезінуді үйренуі керек. Тәртіп бар жерде сапалы білім мен саналы тәрбие қалыптасады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы өте зор.

– Мектебімізде осы бағытта қандай шаралар ұйымдастырылуда?

– Мектебімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүйелі түрде түрлі тәрбиелік және құқықтық бағыттағы іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, Шахтинск қаласы Полиция бөлімінің қызметкерлері оқушылармен кездесіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған сабақтар мен дәрістер өткізеді. Кездесулер барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар прокуратура қызметкерлері де мектепте ұйымдастырылатын «Заң мен тәртіп» сабақтарына қатысып, оқушыларға заң талаптары мен құқықтық жауапкершілік жөнінде мағлұмат береді. Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық білімін жетілдіріп, заңға деген құрметін қалыптастыруға үлкен ықпал етеді.

– Осындай шаралар оқушылардың бойында қандай қасиеттерді қалыптастырады?

– Ең алдымен, жауапкершілік, әділдік, сыйластық және азаматтық ұстаным қалыптасады. Оқушы өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да құқықтары бар екенін түсінуі қажет. Заңды білу – тек ақпарат алу емес, оны күнделікті өмірде ұстану.

– Оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қандай жұмыстарға басымдық беру керек?

– Бұл бағытта мектеп, ата-ана және қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Баламен ашық сөйлесу, оның мәселесіне назар аудару, бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Ең бастысы, әр оқушы өз әрекетінің салдарын түсініп, тәртіпті саналы түрде сақтауға дағдылануы керек.

– Жас ұрпаққа айтар тілегіңіз қандай?

– Жастарға айтар тілегім – білімді, тәрбиелі, отаншыл азамат болып қалыптасу. Заңды құрметтеп, тәртіпті сақтаңдар. Өз құқықтарыңды біліп қана қоймай, өз міндеттеріңді де ұмытпаңдар. Себебі еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі білімді де саналы ұрпақтың қолында.

Тәртіп – тәрбие бастауы

Мектеп директорының пікірімен таныса отырып, «Заң мен тәртіп» қағидатының жай ғана ұран емес, күнделікті өмірде басшылыққа алынуы тиіс маңызды құндылық екенін аңғаруға болады.

Менің ойымша, мектепте өткізілетін мұндай іс-шаралар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың азаматтық көзқарасын нығайтады. Әсіресе полиция және прокуратура қызметкерлерімен өткізілетін кездесулер мен дәрістердің тәрбиелік мәні ерекше. Себебі оқушылар заң талаптарын мамандардың өз аузынан естіп, құқықтық жауапкершіліктің маңызын тереңірек түсінеді.

Заңды құрметтейтін, тәртіпті сақтайтын және өз ісіне жауап бере алатын ұрпақ қана қоғамның дамуына үлес қоса алады.

Заңды білу – міндет, тәртіпті сақтау – жауапкершілік, ал әділ қоғам құру – баршамызға ортақ!

Ергешбай Ибраһим,

11-сынып оқушысы