Арқа мәнеріндегі «Айнамкөз»

Өрттей лаулап, көктей қаулап дүниені алып бара жатқан Мұхиттың әндерін шырқап салу үшін әншінің ішінде қандай күш, нендей құдірет жатуы керек  деп ойлайсыз? Сұрақты емес, әлгіндей сөзді Үкілі Ыбырайдың  «Толқынына» да қарата айтар едік. Қазақта «шапқан аттай, атқан оқтай» құбылысты табиғатына сыйдырған мұндай әндер жетерлік.  Алысқа бармай-ақ Мұхит туындыларын атаса да жетеді.  Тыңдап отырып, елестетіп көріңіз? Әлде сіздің ішті әуен қуаты олай қуырып, әлденеге жетелемей ме? «Біржан сал»  фильмінде қарағайдың түбінде ұйықтап жатқан салды ағасы Нұржан келіп оятып алып, ақыл айта бастағанда қайтаратын жауабы бар ғой:  «Ағатай, сізді бірнәрсе ішіңізден оттай қари ма? Мені сол нәрсе шоқтай шыжғырады», деп. Сол еске түседі.

Сарқырап аққан тасқын судың, «екпіні емен жыққан» долы дауылдың да ғаламат қуатынан біреу үрейленсе, біреулер құмартып, тіпті біреулер сүйсінуі де мүмкін. Бірақ сол өрекпіген дауыл мен ақтүтек боран табиғат іштен тынып, біраз дамылдап алмай туа ма? Тыныштықтың да тілі бар дейді. Тыныштықтың тілі ой дер едік біз. Күннің нұры, желдің жыры ақын үшін өлең, сазгер үшін әуен. Мүлгіген тыныштық та, қалғыған орман да, ышқынған дауыл мен ұйытқыған боран, ән деген осының бәрі.

Мұхит салдың барлық шығармасына тоқталу қайда? Жалғыз-ақ «Айнамкөзіне» соғып өтпекпіз. Бір деректерде «Айнамкөз» Құралай сұлуға арналған ән деседі. Кейбір өнертанушылар автордың бұл әні қолтаңбасы қалыптасып, композитордың шығармашылық кемелденген кезiнде туғанын қосыпты. Қыздың Құралай атын Айнамкөз атап, әнге айналдырып жіберген салдың сезім алапаты мен әннің құдіреті делік. Құралайға көзі түскенде салдық құрып, ел ішін аралап жүрген кезі екен дейді Мұхиттың. Өзі де Әбілқайырханның ұрпағы, төре тұқымынан. Маңайындағы сұлтандар «ән салып, дидәкуге шапқан қай төрені көрдің? Қазақ төрелері әншіліктен гөрі күйшілікті ұстаған» десе, Мұхит сал «Мен ендеше қазақ ән өнерінде бұрын болмаған өзгеше жол салам» деп, ерекше әндер тудырған деген әңгімелер бар. Жаны бар сөз секілді. Ал шынтуайтына келгенде өнертанушылар Мұхит та күйші болғаны туралы жазады. «Мұхит мектебі орындаушыдан үлкен шеберлікті, дауыс күшінің зор әрі диапазонының кеңдігін, күрделі әрі екпінді, төкпе күйлерде кездесетін қағыстары бар домбыра сүйемелін талап етеді. Композитор әндерінің аспаптық сүйемелі, алуан түрлі қағыстар мен иірімдердің күрделілігі оның дәулескер күйші болғандығынан хабар береді», деп атақты Ахмет Жұбанов оның Боғданың, Тазбаланың, Абыл-Қошқардың, Сәулебайдың күйлерін нақышына келтіріп орындаушылардың бір іболғандығын және өзінің күйлері барын келтіріпті. Мұндай әмбебап тұлғалар сал-серілік құрып, өнер көкжиегін кеңіткені ұлттың олжасына айналған жоқ па?

Сал-серілік құрып, Қобда бойын аралап жүрген әнші бір үйге түсіп, ауыл сонда жиылады. Арқасына аруақ қонған өнер иесін алыстан танып, қазақ қашанда төредей күткен. Сол салт пен құрмет Мұхитқа да көрсетіледі. Түн ауғанша думандатып

ән шалқытады сал. Ертеңінде

түскен үйінің Құралай атты қызы әншіге шай құйып беріп, Мұхитқа қатты ұнап, көңілін баурайды. Шай құйғандағы сыпайы мінезі мен ажары ерекше әсер еткен делінеді. Әсіресе көз жанары қатты баураған деседі әншіні. Көкірек жарып, көмейге келген әнді ірікпеген Мұхит сал: «Шырағым, мына бір әндісаған арнадым, нағыз айнамкөз екенсің, әннің аты да «Айнамкөз» болсын», депті. Мұхит салған, содан қалған ән екен дейді ел аузындағы әңгіме. «Айнамкөзді» айтпайтын, оған құмартпайтын әнші мен тыңдарман кемде-кем. Ел ішіне кең тараған туындыны өнертанушылар да жоғары бағалап, талай тоқталған екен. «Бұл – Мұхитқа тән диапазонды, үлкен дауыс шеңберін тілейтін ән. Басынан аяғына шейін лирика, ешбір қайғының ұшқыны жоқ, сүйгенін, жақсы көргенін сағынған әуен бар. Әннің кеудесі мен қайырмасы бірімен бірі жалғасып кетеді. Ән байсалды, орнықты екпінде жүреді. Әрбір дыбысы қатталып, орындаушыдан дауыс регисторінің тегістігін тілейді. «Айнамкөз» – үлкен, жылы жүректен шыққан ән» дейді екен А.Затаевич.

Мұхиттың «Айнамкөзі» осындай биік ән. Асқақ сезімнің шырқау биігінен үн қататын туынды. Тамыр қуалап қан емес, от күйдіргендей әсерге бөлейді. Ғарифолла Құрманғалиевтен бастап салмаған әнші жоққа тән. ҚайратБайбосынов, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова орындап, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Әсіресе кейінгі кездері әнші Баян Нұрмышеваның орындауында қатты ұнайды. Баян шоқтығы биік бұл туындыны эстрада жанрында орындайды. Ғажап естіледі және. Бұрынғы кең  тыныс пен асқақ  сезім тереңдеп, салмағы арта түскендей сезіледі. Домбырамен шырқалып келген дәстүрлі орындалуы да бір ғаламат қой. Баянның орындауы – соның заманауи үлгісі. Әуен баяулағанмен бояуы қалыңдай түскенге ұқсайды. Негізгі, бастапқы үлгі өз алдына кемел туынды десек, мынауысы «баяулатса жаяулап, Арқаның самал желіндей» еседі. Әннің насихаты мен таралуы үшін туынды бұлай да түрленгені және оның бастапқы негізін сақтай отыра, осылай өзгеше нұсқа туып жатса, құптарлық деп білеміз, әрине. Мәселен бұл әнді Баян Нұрмышеваның эстрадалық жанрда орындауына қатысты сұрағанымызда белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейіс мынадай пікір білдірді.

«Баян консерваторияда менен бір-екі курс жоғары оқыған, қазақтың әйгілі әншісі Қайрат Байбосыновтың тікелей шәкірті. Төлөнерімізбен сусындап, сонымен тәрбиеленген замандасымыз ғой. Баянның өнеріне сын айта алмаймын, орындаушылығы бөлек, өзіндік ерекшелігін тапқан әнші дер едім. Халық әндері мен халық композиторларының әндерін гитарамен сүйемелдеп айтқаны  назар аудартпай қоймайды. Тыңдармандарын сол өнерімен тәнті ете білгенін айтуымыз керек. Әсіресе тыңдарман Баянның орындауында «Қарғам-ау» әнін жақсы қабылдады деген ойдамыз. Ал «Айнамкөзге» келсек, кезінде Ғарифолла Құрманғалиев шырқаған Мұхиттың шоқтығы биік әндерінің бірі. Баян өзінше орындап шыққан екен. Және қазақи әншілік өнердің заңдылықтарын сақтай білген. Маған ұнады. Қазақтың әні эстрадамен айтыла ма, жоқ, оркестрмен орындала ма, насихатталғаны дұрыс. Бірақ қазақы дыбыс шығару, сөз алу мәнері сақталып, ырғағы бұзылмай орындалса, құба-құп. Тәрбие көрген, ұстаз көрген Баян бұл тұрғыда әннің әлгіндей ерекшеліктеріне қылау түсірмеген», дейді Нұржан Жанпейіс аға.

«Салмасам «Айнамкөзге»ән болмайды,

Кимесең екі бешпент сән болмайды.

Ойнасаң өзің теңдес жаспен ойна,

Ол-дағы алғаныңнан кем болмайды»,

деп басталатын әннің сөзінен қимастық ұшқын ататындайсезіледі. Өйткені екінші шумақта кезінде ұнатып қалған қыз кейіннен еске түскенде қай-қайдағысын қозғайтынын айтады:

«Айнамкөз, сен қайдағы, мен қайдағы,

Біреудің мен де өзіңдей бозтайлағы.

Есіме, беу, қарағым, сен түскенде,

Қайнайды зығырданым қай-қайдағы»,

деп аяқталады. Сонымен қатар қызбен бір-ақ реет кездесіп, сонда ұнатып, одан кейін көріспеген деуге де келмейтіндей. Соңғы екі жолдан жоғарғы мәтінге қарағанда, біраз уақыт бірге ойнап-күлген, бұрыннан таныс адамның лебізіне ұқсайды.

Баян Нұрмышеваның өзі болса, ғаламтордағы «Ерлан мен Баян» атты Youtube каналында орындау ерекшелігіне байланысты мынадай пікір қалдырыпты.

«Айнамкөз» – бүкіл Батыс аймағындағы әндердің шыңында тұрған, сирек әндердің бірі. Орындаушылық жағынан үлкен техникалық дайындықты қажет етеді. Негізі домбырамен төгіп айтылатын әнді мен Арқа мәнеріне салып, оны гитара аспабына ыңғайлап орындап отырмын. Әрине, бағасын беретін тек сіздер, құрметті оқырман!»

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *