Театрдың тарланы, кино өнерінің Құлагері еді…

Шәкен Айманов – ұлттық тұлға! Қазақ театры мен кино өнерінің жарық жұлдызы. Біртуар талант театр мен кинода ойнап, образдар сомдап қана қойған жоқ, құстың қанатындай осы қос өнердің қазақ ұлтына тән қайнар бұлағының көзін ашқандарының бірі. Бірегейі десек те, артығы бола қоймас.

Биыл осынау даланың иісі аңқыған дархан дарын, топжарған талантты тұлғаның туғанына 110 жыл толып отыр. Қазақ ұлтының мақтанышына айналған, Алаштың аймаңдай Аймантегі Шәкені болған аңыз тұлғаның ғибратты ғұмырын, мәңгі алаудай өлмес, өшпес өнерін ұрпақтан ұрпаққа айта жүру керек, насихаттай беру қажет. Шәкен ағамыз жайында есті естеліктер, бірнеше зерттеу кітабы, еске алу тұрғысындағы деректі фильмдер, сұқбаттар, очерктер, мақалалар, фотоальбомдар, пайымды пікірлер мен тамаша ой-толғаныстар баршылық. Мұның бәрі – шәкентануға қосылған сүбелі үлестер. Дегенмен, дарабоз дарын, тау тұлғалы таланттың шексіз әлемі өзіне тартып, еске алған сайын тағы бір жұмбақ қыры ашылатын сияқты боп көрінеді. Зергерлік алмаз дейтін жер қойнауынан табылған асыл зат үнемі жарқырап тұрады. Өткірлігі де сондай, бірнеше қыры бар. Алтын да осы тектес, жарқырайды, ешқашанда тат баспайды, тозбайтын қасиеті керім табиғи жаратылыс. Дәл осындай алмас қырлы, алтын текті Шәкен Аймантегі жайлы кішкене сыр бөлісейік.

1914 жылы 15 ақпанда жарық дүниеге шыр етіп келген Шәкеннің туған жері – сұлулығымен, қадір-қасиетімен иісі қазаққа мәшhүр болған, тіпті басқа ұлт өкілдерінің де таңдайын қақтырып, таңқалдырған әйгілі Баянауыл аймағы. Шәкеннің өмірдегі өнегелі жолын, өнердегі ұшқыр қиялы мен тынымсыз іс-әрекетін өз басым осы Баян топырағымен байланыстырамын. Табиғаты таңғажайып бұл өлкедегі жер-су атауларының өзінде қаншама сыр бүгіп жатыр. Мәселен, Жасыбай көлі, Торайғыр көлі, Сабындыкөл, Біржанкөл, Ақбеттау, Үш шошақ, Көгілдір тау, Зеңгіртас, Күркетас, Қойтас, Серектас, Көктас, Аралтас, Найзатас, Ертас болып өрнектей өріле береді екен. Ертегідей елес беретін осы ерекше мекендердің бәрінде Шәкеннің балалық бал күндері қалып, жастық шағы өткен. Әкесі – Айман атасының кенжесі Кенжетай. Мылтық асынып, ит жүгіртіп, қолына құс пен домбыра ұстаған, әжептәуір ән де айта алатын сері мінезді жан болыпты. Жасынан хат таныған, көкірегі ояу азамат сұңғыла суреткер, сұрапыл ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жанында көп жүрген, тәлім-тәрбие алған інілерінің бірі болғаны да біраз жайларды аңғартады. Сол Кенжетайдың кішкене үйінде Қали (Байжанов) әнші, Ысқақбай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахметқожа қиссашы секілді өрелі өнерпаздар және әңгімешіл, той-думанның көркін қыздырар ел жақсылары жиі бас қосады екен. Таң атқанша әсем ән айтылып, керемет күй тартылып, ертегі-қиссалар айтылып жатса – құймақұлаққа одан артық не керегі бар?! Бала Шәкенге бұл да үлкен мектеп еді. Анасы Жамал жайында аз айтылады. Дегенмен, Шәкен мен Кәукен секілді өнер жұлдыздарын өмірге әкелген асыл ананың қазақы ғажап тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа берілген адам екендігі сөзсіз дер едім. Өзінің бір естелігінде Кәукен Кенжетаев: «Марқұм шешеміз «бұзауды бағып келіңдер, тезек теріп келе қойыңдар» деп Шәкен екеумізді жиі жұмсайтын. Соның өзі бізді еңбекке баулудың бір түрі екен ғой…» дей отырып, сағына еске алады. «Кенжетайдың үш ұлы – Әбдікәрім (Абдан), Шаhкәрім (Шәкен), Әбдірахім (Кәукен) болды. Біз кейін Абдан, Шәкен, Кәукен аталып кеттік. Үйімізде жиі болатын думанды кештерде біріміз әкеміздің, екіншіміз шешеміздің алдында отырып алып, сілеміз қатқанша тыңдап, көзіміз қалай ілініп кеткенін білмей қалатынбыз…» деп, тағы да Кәукен ағамыз өткен жылдарға ой жүгіртер еді, балалық шақтары жайлы жазылған жылы жазбаларында.

Осындай сауықшыл, дулы ортада өжет те еркін өскен Шәкеннің өнерден аулақ болуы мүмкін емес еді. Бір қызығы Шәкен өте кішкентай кезінде «жылауық бала» атаныпты. Тура үйлерінің алдындағы Серектастың үстіне шығып алып күн ұзын жылайды да отырады екен. Анасы, басқа да үлкендер жағы бұл жөнсіз қылығына ұрсып жатқанда, атасы Айман қарт: «Балаға тимеңдер, мұны өнер қысып, жылатып отыр…» дегендей көріпкелдік сөзін айтыпты деседі, куә болғандар.

1924 жылы Шәкенді аталас ағасы Қажымұрат Семейге оқуға алып барады. Алғашқыда Казкоммунаға, кейіннен Халық ағарту институтына түсіреді. Осында оқып жүргенде Шәкеннің қолынан домбыра мен мандолина түспей, бірнеше көркемөнер үйірмесіне, Халық үйінде Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасы бойынша қойылған спектакльге қатысады. Бұл да киелі өнер сахнасына ашылған сәтті қадамдардың бірі болды. Сол Семейде жүрген балауса таланттың өнерге өте бейімділігін байқап қалған Ғабит Мүсірепов осы қалаға келген бір сапарында Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырады. Мұны Шәкеннің өзі: «1933 жылдың 3 сентябрін мен еш уақытта ұмытпаймын. Бұл күні мен профессионал артист болдым. Театрға түстім. Екінші естен кетпес қуанышым, мен осы театрда қазақтың атақты артистері – Қалибек Қуанышбаев, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержановтармен таныстым. Менің өмірімде де, өнерде де үлгі тұтып, көп өнеге мен тәлім-тәрбие алған ұстаздарым да, мектебім де осылар» деп жазып қалдырды.

Театрдағы үздік сомдаған рөлдері: Ақан сері, Қобыланды, Отелло, Казанцев, Тихон, солдат Шадрин, Петруччио, Есен, Қодар, Исатай, Алдар Көсе, Хлестаков, Егор, т.б. 1952 жылы «Абай» (М.Әуезов, Л.Соболев) қойылымы үшін Сталин атындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған. 1938 жылдан бастап кеңес кинофильмдеріне түскен. Ең алғашқы түскен киносы – «Амангелді». 1954 жылдан бастап режиссер ретінде де бірнеше фильмді түсіруге атсалысқан. Осы орайда «Райхан», «Раушан гүлі», «Абай жырлары», «Алтын мүйіз», «Жамбыл» фильмдеріне қатысады. «Атамекен» фильмі Душанбедегі фестивальде бас жүлдеге ие болған. Актерлік шеберлігін шыңдаған әрі киногерлігін танытқан «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Алдар Көсе», «Найзатас бөктерінде», «Жол қиылысы», «Ән қанатында», «Ән шақырады», «Махаббат туралы аңыз», «Дала қызы» секілді киноларды атап өтуге болады. Бұларға қоса, режиссерлік және көркемдік жетекшілік еңбектері де жетерлік. Бәрін айтпағанда, 1968-1970 жылдары режиссерлік еткен «Тақиялы періште» мен «Атаманның ақыры» қазақ киносының ең үздіктерінің қатарынан ойып тұрып орын алатынына ешқандай дау жоқ. Аймановтың актерлік hәм режиссерлік қырлары жөнінде бір деректе: «Шәкен Айманов фильмдерінің өміршең болатын себебі, суреткердің кез келген фильмінде өзінің еліне деген сүйіспеншілік, адамды құрметтеу, оның ішкі психологиясын ашуға ұмтылыс басым. Туған халқының болмысын әрбір фильміне арқау ете білген режиссер, сол кездің өзінде қазақ үшін өте маңызды деген тақырыптарды көтерді, әртүрлі жанрға барды. Адам тағдырын, оның өмірінің трагедиялық тұстарын астарлап болса да айтып отырды. Бұл ретте ол «Кино – елдің төлқұжаты» деп түсінді» деген пайымды пікір кездеседі. Шын мәнінде актер Аймановты алып қарасақ та, режиссер Шәкеннің еңбектерінің қайсын зерделеп көрсек те, ұлттық ою-өрнектерге бай, халықтық негізді анық аңғаруға болатын еді. Хас талант туралы көптеген туынды шықты, әлі де шыға береді дедік. Сол еске алулардың ішінде белгілі кинотанушы, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Нөгербек: «Біріншіден, Шәкен Айманов – ұлттық кинематографияның негізін қалаушы, тұңғыш кинорежиссер. Екіншіден, Шәкен Айманов – актерлік, жанрлық, сюжеттік кинематография өкілі. Үшіншіден, Шәкен Айманов – халық суреткері. Туған елінің тұрмысына қатысты картиналар түсірген. Төртіншіден, кинорежиссер Шәкен Айманов ұлттық өнер қайраткерлерін, әйгілі әртістерді таспаға түсіруге ұмтылды. Оның фильмдерінің арқасында, біз Серке Қожамқұловты, Елубай Өмірзақовты, Қапан Бадыровты, Қалибек Қуанышбаевты, Камал Қармысовты, Шара Жиенқұлованы, Хадиша Бөкееваны, Әмина Өмірзақованы, Нұрмұхан Жантөринді, Фарида Шәріпованы, Ермек Серкебаевты, Бибігүл Төлегенованы, Асанәлі Әшімовты және өзге де қазақ ұлттық театр мен кино майталмандарын экраннан көре алдық. Шәкен аға олардың бейнелерін мәңгілікке сақтап қалды. Бесіншіден, Шәкен Кенжетайұлы Айманов киношығармашылығының ерекшелігі сол, ол режиссер ретінде ешкімге еліктеген жоқ, сол кездегі көздің жауын алар кино тәсілдерін пайдаланбады. Яғни, әр кейіпкердің шынайы бейнесі берілді. Алтыншыдан, Шәкен Айманов Қазақстан кинематографистер Одағының құрылуының бастауында тұрған, оның басқармасының бірінші хатшысы болған, сонымен қатар, «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік кеңесін басқарған. Жетіншіден, Шәкен Айманов қазақ киносының көш басында тұрып, ұлттық кинематографияның «атаманы» мен қажымас майталманы болды. Оның сөзсіз авторитеті, ғажайып харизмасы отандық кинематографияның әлеуметтік-экономикалық және шығармашылық проблемаларын республиканың ең жоғарғы партиялық-үкіметтік деңгейінде шешуіне мүмкіндік берді» деп ағынан жарыла, ұлы тұлғаға арналған жоғары бағасын білдіріпті.

Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне (1936, 1958) қатысқан. Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері Халықаралық және Мәскеу қаласындағы өткен ІІІ-халықаралық кинофестивальдердің (1963) қазылар алқасы мүшесі болған. Ұлттық кино тарихында көптеген фильмнің бағын ашып, қазақ ұлттық театрында қаншама рөлді сомдаған, саналы ғұмырын еліміздің өнері мен мәдениетіне арнаған ұлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1970 жылдың 23 желтоқсанында Мәскеуге барған сапарында көлік апатына ұшырайды. Сол кездегі Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу қаласының Горький (кейінгі Тверская) көшесін кесіп өтемін деген жерінде машина қағып кетеді… Сөйтіп, 56 жасында, жер ортасына келген дер шағында бөтен елде мезгілсіз ажал құшқан екен.

Шәкен Аймановтың туған інісі Кәукен Кенжетаев та, өмірлік жары Хадиша Бөкеева да, ұлы Мұрат пен қызы Майра да, Майраның жолдасы, күйеу баласы Асанәлі Әшімов те елімізге белгілі өнер адамдары. Қызыр қонып, өнер дарыған осынау ғазиз жандардың бәрі  де ұлттық мәдениетіміздің тарихына зор үлестерін қосқан өнерпаздар еді деп мақтанышпен айта аламыз.

Шәкентанушылардың бір естелігінде: «Шәкен атамыздың шығармашылығына арнап «Шәкен Айманов» атты деректі фильм түсірілді. Алматы қаласындағы көше және киностудия, Павлодар облысындағы Баянауыл ауданы орталығындағы қазақ орта мектебі ұлы тұлға есімімен аталады. Киностудияда Ш.Айманов атындағы кабинет-мұражай ашылып, тұрған үйі мен «Қазақфильм» студиясының ғимаратында ескерткіш тақта және бюст-ескерткіш орнатылған. Павлодар қаласында Шәкен Айманов атында кинотеатр ашылған. Шәкен Айманов «Ленин» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған. Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына да сайланды» дейтін деректер бар.

Ең бастысы, Шәкен Кенжетайұлы Аймантегі – халықтың жадында, қазақ ұлтының жүрегінде мәңгілікке қалды! Өнердің құдіреті деген – осы шығар!

P.S. Шәкен Аймановтың  өзі рөлдерде ойнаған, түсірген, жетекшілік еткен фильмдерінің бәрі шедевр, классикалық деңгейде. Шәкен ағамыздың болған уақытын «қазақ кино өнерінің алтын кезеңі» деп те атап жүр. Әрине, онан кейін де біршама жақсы фильмдер түсірілді. Киноиндустрия дамыды, өркендеді. Тек, бір өкініштісі – қазіргі қазақ фильмдерінің көбісі нашар. Мән-мағынасы жоқ. Оның үстіне жартылай – қазақша, жартысы – орысша. Яғни, мәңгүрт-фильмдер… Олардың қатарында: «Гламур для дур», «Он алты қыз», «Бизнес по казахски», «Келінка Сабина», «Тоқал», тағы басқалары бар. Осы киносымақтарды түсірген режиссерлер, рөлдерді ойнаған актерлер Шәкен Аймановтың фильмдерін көріп, ұлы киногердің өмір жолы мен өнер жолын насихаттайтын естелік-кітаптарды оқып, үлгі-өнеге алса ғой деп те ойлайсың…

Иә, біздің ой – ұлттық кино өнеріне жанымыз ашығандық қой…                                     

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *