Жұпар Жақан. Жұдырық (цикл)

Сұқ саусақ

– Білем, білем… не айтайын деп тұрғаныңды… Қоймадың ғой, айтшы енді.

– Айтсам, соңғы кезде тым пысықсынып, сын айтқыш болып кеткен жоқсың ба?

– Артық бірдеңе деппін бе сонда?

– Үнемі болмаса да деп қоятының бар.

– Түсінбедім, енді не істеуім керек? Айналамыздың бәрі гүл-гүл дейін бе?

– Шындықты айтпа демеймін. Дегенмен айтқанның жөні осы деп бәріне жаппай қара бояу жағуды қойсаңшы.

– Немене, сонда көзге көрініп тұрған қараны ақ екен деуім керек пе?

– Демей-ақ қой. Бір уақ ақтың ақ екенін мойындасаң да жетеді. Тіпті ештеңе демей, ішіңнен мойындай салшы.

– Хімм, қалай-қалай ойқастайсың? Одан да «Жасасын Бас бармақ!» деп жар салайын да, дүниеге сенің көзіңмен қарайын. Көзілдірігіңді бере тұршы.

– Сұқ саусақ,  өйтіп мысқылдамай-ақ қой. Дәл өз басым сені сынаудан аулақпын. Түсінер болсаң айтарымды айттым. Ал енді қош-сау бол!

 

Бас бармақ

Бас бармақ баяғы әуеніне басып тағы да шошайып көрінді. Жан-жағына маңғаздана қарады. Елден бұрын шошайғанына қуанышты сыңайлы.

Соңғы кезде алдына бір ғана мақсат қойған: онысы – қалай болғанда да бірінші болып көзге түсу. Бұл бастап берсе, қалғаны қостайтыны белгілі. Қандай жағдайда да. Несі жаман дерсіз? Өзгелер қостағанмен, бұл әрекеті сұқ саусаққа ұнаған жоқ. Бірден тікесіне көшті:

– Осы саған екі қойың бір сом ғой деймін, ә?

– Немене?  Жұмбақтамай айтарыңды дұрыстап айтсаңшы.

– Қашан көрсем шошайып алға шығасың да отырасың.

– Көре алмай отырмысың?

– Жоға. Талғамсыз боп бара жатқаныңа күйінемін. Елдің алдына шығудан басқа ой жоқ тәрізді сенде. Өзің шошайып баға бергеннің бәрі керемет деп ойлайтын тәріздісің.

– Жә не бопты сонша, тіпті әкетіп барасың ғой.

– Саған ұнай ма, ұнамай ма – онда шаруам жоқ. Олай болса, тыңда ендеше. Сен бастап шошайған соң, басқалардың да қалыспайтынын білемін. Өзің ғана адаспай, басқаны да адастырып жүрсің. Бәрін құртқан сенсің, бас бармақ.

Сұқ саусақ айтып жатыр, айтып жатыр. Құрғақ сөз емес, дәлелі қандай мықты! Тіпті мойындамау мүмкін емес. Айтылғанды толық қорытып үлгермесе де, бірен-саранын түсінуге миы әзер жеткен бас бармақ мойнын ішіне тартып, бұғына түсті.

 

Шынашақ

– Жүрегім сезеді, соңғы кезде екеуіңнің алакөздеуің көбейіп кеткен сықылды.

– Түсінбедік.

– Аңқаусымаңдаршы. Одан да мойындай салсаңдаршы.

– Мына Сұқ саусақ болмаса… Сенде нем бар дейсің?

– Бас бармақ, баяғы әуеніңе бастың ба? Ұстанымың өзгермейді, ә? Бәрі жақсы, бәрі тамаша деп, елдің бәріне жақсы атты болғың келеді.

«Мен не деймін, қобызым не дейді…» дегендей, өзара тартысып… Қойыңдаршы. Сірә, сұрағыма жауап ала алмаспын.

– Ал жарайды, біздің жауабымызды білгің келсе… мәселе былай…

Мысалы, мен – Сұқ саусақ қиянатқа, кемшілікке төзе алмаймын. Өзіме кесірі тисе де, үндемей қала алмаймын. Шынашақ, сен сол кезде менің айтқандарымды жылмиып тыңдап, жеме-жемге келгенде үндемей құтыласың. Маған соның ұнамайды. Сенің өзіндік пікірің жоқ.

– Білдік ішкі ойыңды. Ал Бас бармақ, енді сен сайра.

– Менің де айтарым бар. Мен – жақсылықтың жаршысымын. Жақсылық атаулыға ішім жылып, сүйсінемін де, эмоциямды сыртқа шығарамын. Ал Шынашақ, сен жақсылыққа да міз бақпайсың. Не қуанғаныңды, не жаратпағаныңды біле алмаған соң, алакөздейтінім рас.

– Үнемі бір енің ішіңде жүреді. Сені тани алмай қор болдық. Не былай, не олай болғаныңды қалаймыз. Әйтпесе сенен ала алмай жүрген өшіміз жоқ, көкетай. Шындықты айтатын менен гөрі, жалпаңдап жақсы атты бола беретін мына Бас бармақтан гөрі де қоғамға сен қауіптісің. Ішіңді бермейсің.

Сұқ саусақ саусағын безеп шынашаққа қарады. Шынашақ ештеңе дей алмады.

 

Жұдырық

– Жұдырық жиналыс ашқалы жатыр дейді. Бәрімізді атап-атап шақырыпты. Барамыз ба, қайтеміз?

– Бүйтіп жинай бермеуші еді. Айтары бар да.

– Барсақ, барайық.

Жиналысқа келген Сұқ саусақ, Бас бармақ, Шынашақ өзгелермен қатар тиісті орындарына жайғасты. Жұдырық жиынды ашулы бастады:

– Соңғы кездері қайсыңның не тындырып жүргеніңнен хабардармын. Бір мәселенің басын ашып алсам деп, баршаңды жинап отырмын.

– Е, не тындырыппыз?

– Кезегі келгенде естисің, Сұқ саусақ. Әзірше тәртіп сақтайық.

– Құп.

– Құрметті жиналысқа қатысушылар! Әрқайсымыздың жаратылысымыз әртүрлі болғанмен, біз бір-бірімізден қара үзіп кете алмаймыз. Бір тамырға байланғанбыз. Әу баста өздеріңді жаратқанда атқаратын қызметтеріңді де белгілеп бергенін түсінемін. Алайда шектен шығып барасыңдар, соны ескертейін дегенмін.

– Жұдырық мырза, сіз қызметіңізді асыра пайдаланып отырған жоқсыз ба? Бізге не дегіңіз келіп тұр?

– Мен емес, қызмет бабын өздерің асыра пайдаланып жүрсіңдер. Соны түсініңдер. Әрқайсың әр жаққа тартқылағаннан жұдырық болып жұмылудан қалдым. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Айтайын дегенім осы еді.

Жиналғандар жиналыстың соншама тез аяқталғанына таң болып, әрі жұдырықтың айтқанын қорытып үлгермей, аң-таң болып отырып қалды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *