Күз күмбірі
Жапырағын талдың қиып түсірдің,
Таң алдында ызғарыңа үсірдің,
Тағдырым-ай…
Әрбір сәтің – қараша,
Жазылған деп түсіндім.
Қарашаның таңы, кеші қыстайын,
Бұйырмаса,
Білмей өтсем қыс жайын.
Сары күзде сап-сап көңіл, сап көңіл,
Енді алып ұшпайын.
Жылы жүрек жел өтінде мұздады,
Күннің бетін бұлт жауып ап сыздады.
Екі қолым құшақтайды денемді,
Бұл да болса күз қамы.
Жігерімді жазмышыма шақтай ма,
Жеңіл жүрген жазын іздеп таппай ма?
Отсыз, шоқсыз тамызықпен бойымды,
Жылытқаннан жоқ пайда!
Шенеу
Жерде жүріп таратасың Көкке нұр,
Мойынымды созғызбады шекті өмір.
Маңайыңа қадам баса алмаймын,
Екеумізде өкпе – бір!
Асқарымнан асам десең, сеніп пе ел,
Жайна, жаса, айналаңа көрік бер.
…Жер қажеті жерде екен дейтіндей,
Бола алмадым көріпкел.
Мейірімге болмайды екен жан ғашық,
Қайырымда дей алмаймын бар нәсіп.
Ақ-қараның енді ғана ұқтым ғой,
Тұратынын алмасып.
Сені көрем,
Шашып тұрған Көкке леп,
Мұңды әспеттеп мөлдіретіп төккен ек.
Мені қалай байқамайсың тұсыңнан,
Өтіп барам өкпелеп…
***
Мен үшін жауабы жоқ сұрақпысың,
Ақеділ, ақкөңілді ұнатқышым.
Жаюлы алақандай кітабымда,
Сен тұрған сияқтысың.
Тұрғанда әсерлі сәт аз ұрланбай,
Көремін бәрін сенен,
Назым қандай?!
Отырмын кітап оқып жалғыз қалып,
Айтарың жазылғандай.
Жаныңның басылғандай һәл, ақпары,
Қашаған бар ойым кеп қонақтады.
Сезімнің салтанатын құрғызыпты,
Кітаптың парақтары.
Бейне бір эпизоды – қыс, ақ қайың,
Сен десе, қалайша оны ұсақтайын?
Әріпін көзімменен сүйіп шығып,
Соңынан құшақтайын.
Сағаттап ғазал оқу – тіршілігім,
Бетінде зыр қағады бір шыбыным.
Болғанда мен – лирика,
Сен – эпика,
Осыны білші, Күнім…
Ақ-нақақ
Бақсам сөзді,
Балайсың аққа бәрін,
Жүздескенде жылауға шақ қаламын.
Жаным жүдеп жүрсе де жалған күнде,
Ақ қалпымда сен үшін сақталамын.
Төмен қарап тұрасың ұғып барды,
Әр сөзімнен аңдайсың бір ақпарды.
Болмаса екен күмәнің жаным – таза,
Кір-қожалақ тәніме жұғып қалды.
Көпшілікке болмайсың бірақ та әйгі,
Сен бар кезде – қас, досым құлатпайды,
Жүз нәзікке ғашықпын бірісің деп, –
Саусағымен көрсетіп жылатпайды!
Биігіңнен етесің әппаққа елең,
Тайып, құлап келемін қатқақпенен.
Ар, абырой, намыстың жүгін жиып,
Сен байқайтын болғасын сақтап келем.
Тағдыр болды – жанарда шық тұратын,
Жақын болды қалауын құп қылатын.
Жон арқама жүгімді артқанымда,
Болмысымды әйелдік ұқтыратын.
Сен болмасаң, кімді мен тірек етем,
Өзім жайлы әлі аз біледі екем.
Жағдайға да, жасқа да қарамайтын,
Менің атым, болмысым – Жүрек екен…
Шырақ
Ғұмыр демей көйлек пенен көншекті,
Тағдыр маған сезімменен өлшетті.
Дүниенің жалғандығын маңайым,
Арбап жүріп, жалған күліп көрсетті.
Шығар шыңда мені күткен шырақ тұр,
Маған тағы ақ әлемді ұнаттыр.
Мейір – мендік,
Пейіл қысым жасайды,
Өткізбедім арамыздан бір ақ қыл.
Жаны бар деп Муза деген мүсіннің,
Қағазыма қал-жағдайын түсірдім.
Сартап болған сағыныш та, сабыр да,
Маған меншік екендігін түсіндім.
Жоғары боп жаралғаннан күшім кем,
Оны алғаш тәй басқанда түсінгем.
Өзіме өзім күш беремін, қайраймын,
Өлеңімді сүйгендігім үшін мен.
Босқын бұрыш
Түнгі дүкен – біздің үйдің бұрышы,
Сыра, сусын сатады.
Күндіз – күбір, кешке – дүбір, түн іші –
Арақкештің жатағы.
Қарсы алады, шығарып сап талайды,
Мен өтер кез – екінді.
«Жанталас» деп мейіріммен қарайды,
Өздері азат секілді.
Күледі олар, бірі – жалған, бірі – шын,
Қарап тұрам кей түні.
Жартылық деп көтереді ыдысын,
Жарты тілім жейтіні.
Терезе ашып қанық болдым сырға сан,
Емес сынды бақ қайғы.
Достық жайлы сыр шертеді тыңдасам,
Өзге ештеңе айтпайды.
О, дүние, іші – қоңыр, тысы – әппақ,
Терезенің маңайы…
Қыстың күні құбырларды құшақтап,
Үсіп «ұшты» талайы.
Топталғанмен бейне бәрі – бір адам,
Бірін бірі ұтпайды.
Өктем ескен, өкпелескен жылаған,
Дыбыстары шықпайды.
Жаратқанға үмітім де, аңсат де,
Мен қай күні қолды етем?..
Өмір қиып қайбір мезет, қай сәтте,
Өкінбестей болды екен?
***
Қиялдана бермеші, қиялдана,
Сырым деп те,
Шыным деп ұрандама.
Екі көзді екі әлем арбап тұрса,
Көкіректі қояды кім аңғара?..
Қиялдана бермеші, қиялдана,
Тау терегі жайқалар шынар дара.
Айбергенов Төлеген сағынышы –
Өлең, шіркін, жаныңа сыңар ғана.
Қос өмірден көргейсің жырақ қалып,
Дүниеңді қарасаң бір ақтарып.
Муза бола алмадың, амалың не?
Жұматайдың Ләйләсы сияқтанып.
Жалғыз ұшып қыранша қомданасың,
Досыңнан да, дұшпаннан қорғанасың.
Мені біреу түсінді демегейсің,
Мұқаң сенген Фариза болмағасын!
Дейді бір үн, –
«О, тоба!», – құлағыма,
Тыным бермей ішкі үнім сынады ма?
Жатсам, тұрсам жанымды алған сезім,
Неге айналып кетті екен ұраныма?
Көргенімді көбіне бетеге етем,
Көрмегенім – жусанға жеке мекен.
Бұл жалғанның қызығы – ақындардың,
Бір-ақ ауыз сөзіне жете ме екен?..
Бір ақ ауыз сөзіне жете ме екен?!
