Киік еті кеселсіз бе?

Дүкен сөрелеріне киік еті де қойыла бастады. Бағасы жылқы, сиыр және қой етінен арзан екені анық. Әйтсе де, дүкеннен сатып алуды тиімсіз көріп, даладан тегін атып алғысы келетіндер де азаяр емес. Бірақ еттің сапасын, атылған киіктің етінен адамға жұғуы мүмкін кеселі жоғына кім кепіл?

Киік еті сатылып жатыр деген ақ­па­рат шыққалы біраз дүкенді аралап көрдік. Мысалы, Қарағанды қаласындағы «Мяс­ное изобилие» сауда орнында бар екен. Бөлшектеліп сатылып жатыр. На­рық­­та 1 600 теңгеден сатылады, дегенмен мұн­да баға 2000-3000 теңгенің аралығында. Яғни, нарықтағы бағасына саудагер не дел­далдар үстемақы қосып отыр. Еті сылы­нып алынған құр сүйегі ғана арзан деме­сеңіз, кесек етінің бағасы шарықтап тұр.

– Бұрын киік еті қуырдаққа ғана жа­рам­­ды деп келдік қой, мұнда көже-қа­тық­қа дегенді көріп ойланып қалдым. Қара ет­тен де сорпа шыға ма? Солай болса да жең­­сік ас қой әрі ауылда өткен балалық ша­­ғымдағы дәмді еске тағы бір түсіру үшін екі-үш кило сатып алмақпын, – дейді қала тұр­ғыны Нұргелді.

Шынымен де, киік еті жаңа өнім емес. Кеңес дәуірінде бұл ет дүкен сөрелерінде ер­кін сатылып, халық арасында танымал бол­ған. Алайда қазір еттің сапасын кім ба­қылап отыр? Қыркүйекте Үкіметте өткен бри­фингте Ауыл шаруашылығы министрі Ай­дарбек Сапаров қазір киік етінің саты­лымда бар екенін, ветеринарлық қызметтер жұмыс істеп тұрғанын жеткізген.

– Киік еті бойынша ветеринарлық қыз­мет жұмыс істеп тұр. Сынама алып, са­рап­тама жасағаннан кейін ғана барып бұл жануардың еті сауда желілеріне жібері­леді, – деді Айдар­бек Сапаров.

Сонымен ведомство басшысының сө­зін­е сендік. Бірақ бағаны кім реттейді? Сау­да және интеграция министрі Арман Шақ­қалиев ет бағасын көтеретіндерге ша­ра қолданылатынын айтқан еді.

Алайда бұл жасалып жатқан шара ұзақ­қа бармайтындай көрінеді. Өйткені Қазақ­стан­да киіктердің санын реттеу шаралары бас­талды. Соның әсерінен популяциясы 800 мың басқа азайтылады. Шегіне жет­кен­­де, бақылау да, сатылым да тоқтай қа­лады.

Негізі, ел арасында сойылған мал бол­маса, атып алған жануардың еті­не күмән келтірушілер бар. Яғни, діни се­німге байланысты. Бұған қатысты Қа­зақ­стан мұсылмандары діни басқармасы «киік­тер шариғатқа сай атылған жағдайда ға­на етін жеуге болатынын» айтыпты.

– Ұстайтын аң қолға үйренбеген, жа­байы болуы керек. Ауланып жатқан аң көз­ден таса болмауы қажет және аңшы ар­­­­тынан қуып отыруы шарт. Себебі Пай­ғам­­барымыз көзден таса болған аңды аулауды құптама­ған. Хадисте: «Бәлкім, оны басқа аңдар өлтір­ген шығар» деген. Екінші бір хадисте: «Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көр­сең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзің­мен көрмесең, жеме» деп айтылған, – дейді шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Сарапшылардың айтуынша, киік еті жал­пы ет нарығының бар болғаны 1 пайы­зын ғана құрауы мүмкін. Яғни, бұл ша­мамен 15-16 мың тонна. Елде жыл сайын тұтынылатын еттің ауқымын ескерсек, бұл көп көлем емес. Сондықтан киік еті жап­пай нарыққа таралып та кетпейді, дәмін аңсағандар болмаса, көпшілік сатып ала да бермейді.

Ал киік етінің адам ағзасына пайда не зия­ны бар ма? Қазақстанның тағамтану ака­демиясы киіктің етін зерттеп, пайдалы қа­сиеттерін анықтаған екен. Олардың есе­бінше, 100 грамм еттің құрамында ақуыздар – 20 грамм, майлар – 9 грамм, D дәрумені – 9,2 микрограмм,  B5 дәрумені – 8 мил­ли-г­рамм, темір – 3,9 миллиграмм, мырыш – 6 мил­­­лиграмм, L-карнитин – 132 мил­лиг­рамм. Сон­дай-ақ киік етінде магний мен се­­лен де бар болып шықты. Демек, ке­селі бол­­­­­­­маса қо­рықпай пайдалана беруге бо­лады.

Сарапшылардың айтуынша, киік еті ба­лаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адам­дарға, спортзалда және кеңседе ауыр жұ­мыс істейтіндерге пайдалы болмақ. Деген­мен сөреден емес, даладан тегін атып ал­ғысы келгендер барын айттық.

Олар бір ға­на сөзбен «браконьер» деп аталады. Заң­сыз, арнайы рұқсатсыз аң ататындар дү­кен­де ет сатылып жатқанын білмеді ме, әл­де қуып жүріп аңшылықтың қызығына бат­қысы келді ме, мылтық алып жолға шық­қан­дар жетерлік. Оның біразы қолға да түсті.

Мәселен, Қарағанды облысының Нұра ауданында табиғатты қор­ғау, криминалдық және патрульдік по­ли­ция қызметкерлері бірлесіп өткізген «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-ша­расы барысында браконьерлер ұсталды.

Оқиға 9 қазан күні түнгі сағат 02:40 ша­масында «Теміртау – Астана» автожолының 50-шақырымында, Алғабас ауылының маңын­да болған. Полицияның жылжы­ма­лы тобы күдік тудырған Mitsubishi Pajero ав­токөлігін тоқтатпақ болған кезде, жүр­гізуші мен жолаушы полицейлердің тала­бы­­на бағынбай, жол жиегіне бұрылып қаш­­пақ болған. Алайда тәртіп сақ­шы­лары­ның жедел әрі үйлесімді іс-қимылының ар­қасында көлік тоқтатылып, екі ер адам ұстал­ды. Тексеру барысында көліктің жүк салғышынан жабайы аңның еті, екі аңшы мылтығы, 15 оқ-дәрі, қолдан жасалған пышақ және қуатты жарық шам табылды. Ұсталғандардың ешқайсысында аң аулауға рұқсат беретін құжаттары болмаған. Белгілі болғандай, күдіктілер – Саран қаласының 41 жастағы екі тұрғыны. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар Нұра аудандық сотының қау­лысымен ер адамдар полиция қыз­меткерлерінің заңды талабына бағынб­аға­ны үшін кінәлі деп танылды.

Ал табиғатты қорғау полициясы Темір­тау мен Астана тұрғындары жасаған бра­коньерліктің екі ауыр жағдайын тіркеді. Қарағанды облысы полиция департа­мен­тінің баспасөз қызметінің мәліметінше, же­дел іс-қимылдар нәтижесінде, бұлан мен ақбөкенді заңсыз аулады деген күдік­тілер ұсталды. Бірінші фактіні табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері мен Те­міртау аңшылық қоғамының қорық­шы­лары бірлескен рейд барысында анықтады. Осакаров ауданында екі жол талғамайтын көлік тоқтатылған. Автокөліктердің жүк­сал­ғыштарында жалпы салмағы шамамен 120 кило болатын бұлан өлекселерінің бө­ліктері табылды. Ұсталған Теміртау қа­ласының 59 және 56 жастағы тұрғын­да­рын­да аң аулауға рұқсат құжаттары болма­ған. Олардан аңшылық мылтықтар, оқ-дәрілер тәркіленді. Екінші жағдай Нұра ау­да­нында болды. Табиғатты қорғау поли­ция­сының қызметкерлері Охотзоопром инс­пекторымен бірлесіп, Астананың үш тұр­ғыны бар жол талғамайтын көлікті тоқ­татты. Жүк салғыштан төрт ақбөкеннің ке­­­­сілген өлекселері табылды.

Тексеру барысында олардың тек бір ли­цензия рәсімдеп, оны тіркетпе­гені анықталды. Табиғатты қорғау поли­ция­сы қызметкерлерінің айтуынша, бұл – аң­шы­лық ережелерін өрескел бұзу.

Браконьерлердің дүкен сөресінде саты­лып жатқан етке ақшасы жетпеді дегенге сену қиын, бұл да бір құмардың түрі іс­­пет­ті. Әйтпесе, «аңсыраса аңшы тоқта­май­­ды» деп бекер айтпаса керек бұрынғы­лар. Дегенмен оларға қатысты заң қатал. Киік­­тің қуырда­ғын жегіңіз келе ме, дүке­н­ге барудан басқа жол жоқ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Коллаж: Елдар ҚАБА