Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралып, бес азаматқа «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» жоғары атағы берілді.
Бұл мәртебе облыс пен Қазақстан Республикасының дамуына қосқан жеке үлесі мен айрықша еңбегі үшін мәдениет, білім, медицина және сот жүйесі салаларында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен азаматтарға табысталды.
Солардың қатарында белгілі ақын, мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы бар. Ұлттық поэзияға өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгердің шығармашылығы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар құбылыс ретінде бағаланып келеді. Ақынның ел руханиятына сіңірген еңбегі бұл марапатпен тағы бір мәрте атап өтілді.
«Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағына мәдениет және білім саласының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқан да ие болды. Өңірдің мәдени-рухани өміріне елеулі үлес қосып келе жатқан Тұңғышбай Мұқан ағамыздың көп жылғы еңбегі ел игілігіне қызмет етудің жарқын үлгісі.
Құрметті атақ сот жүйесінің ардагері Ерден Рауанұлы Ариповке те берілді. Ол ұзақ жылдар бойы сот саласында еңбек етіп, құқықтық жүйенің қалыптасуы мен дамуына үлес қосты.
Сондай-ақ «QazCOOP» оқу орындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Хазбулат Сопыжанұлы Ашляев өңірдің білім беру саласына қосқан үлесі үшін жоғары марапатқа ие болды.
Ал «Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана» КМК неврологиялық және инсульт қызметінің басшысы, медицина саласының маманы Михаил Дмитриевич Мазурчактың еңбегі де облыстың жоғары марапатына лайық деп танылды.
Бес азаматтың өмір жолы мен кәсіби қызметі – Қарағанды өңірінің дамуына әр салада еңбек сіңіріп келе жатқан азаматтардың еңбегін айғақтайды. «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы олардың көп жылғы қызметіне берілген лайықты баға ғана емес, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық еңбекті дәріптеудің де бір көрінісі.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
