Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Бұхарадағы танымал орындардың бірі «Ляби-хауз» кешеніне барды. Мұнда XVII ғасырда салынған Нәдір Диуан-Бегі медресесі мен ханакасы, XVI ғасырда іргетасы қаланған Көкілташ медресесі секілді әйгілі сәулет ескерткіштерін көре аласыз.
Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары XII-XVI ғасырларда салынған Калян мұнарасы мен мешіті, Мири Араб медресесі секілді үш ғимараттан тұратын «Пои-Калян» тарихи кешенінде болды.
Бұхара ғасырлар бойы Орталық Азиядағы негізгі рухани ілім орталықтарының бірі болғаны белгілі.
Жергілікті медреселерде қазақтың Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Шортанбай Қанайұлы және басқа да көрнекті қайраткерлері білім нәрімен сусындаған. Олардың есімдері екі ел тарихына ортақ.
Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының музей-құжырасы таныстырылды. Президенттер Бұхарада оқыған қазақ зиялылары туралы көрмені аралап көрді.
