Header Banner

«Әбіл» шынымен шекспирлік драма ма?

Авторлық кино – қаламгердің үні, жан-дүниесі. Өнердің шыңы. Уэс Андерсон («Отель «Гранд Будапешт»), Андрей Тарковский («Сталкер») сынды майталмандар хас жанрдың зергерлері. Ал қазақ даласында авторлық киноның классигі деп Дәрежан Өмірбаевты («Қайрат», «Шұға») атауға болатын шығар. Оған Әділхан Ержановты («Черный, черный человек», «Голиаф») сеніммен қосуға болады. Енді міне сол қатарға Еуропа мен Азияның беделді жүлделерін иеленіп, жоғары бағаға ие болған «Әбіл» қосылды. Режиссер Елзат Ескендірдің үнімен. Қазақтың талантты әншісі, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың өз тағдырын осы фильмде жеткізген жанымен.

            Әрине, коммерциялық, стримингілік фильм, сериалдардың атқаратын рөлі бөлек. Коммерциялық дүниеге туындыгер дүниетанымын барынша бере алмайды. Ал жоғарыда айтқандай авторлық киноның жөні басқа.

«Қарағандыда «Әбілдің» премьерасы өтеді, барлық кинотеатрға прокатқа шығады» дегенде шын қуандым. Мен ғана емес Арқа жұрты рухтанып, Кеншілер мәдениет сарайының «Сарыжайлау» кинотеатрына ағылды. Ине-шаншар орын болмады деген жәй сөз. Орын жоқ. Біреуіміз орындық тауып әкеліп, біріміз тіпті жерге отырып қарадық. Бұл – авторлық киноға деген көрерменнің махаббаты. Бұл – авторлық киноның кішігірім жеңісі десек те болады. (Алайда, «кейбір кинотеатрдан алып тасталынып жатыр… басқасы көрсетпейді… цензурадан өтпепті… біраз жері қиылыпты» деген әңгімелерді кейін естіп қапаландық).

Әлқисса. Фильмның алғашқы эпизодын ұзын кадрмен беріпті. Әлемдік практикада бұл өте күрделі әдіс. Бір кадрмен үзбей, түрлі диалог пен қарекетті, кейіпкердің аркасын, конфликтті беру асқан шеберлікті қажет етеді. ЛИД-те келтірген Тарковскийдің «Сталкерінде» бұл тәсіл көп қолданылады.

1993 жылды көрсетуінде де үлкен мән бар. Теңгенің айналымға енуі, тарих, мәдениеттен бұрын экономиканы жоғары қою, дүние-қоңыздықты меңзейді. Жекешелендіру, талан-тараж, қазақ қоғамы, ауыл кейпі, қойшының өмірі, әйел образы, тағдыры, әке бейнесі, берекетсіз ұрпақ, Желтоқсан көтерілісіне сілтеме беретін кейіпкер, билік өкілінің образы, Кеңес одағын аңсайтын кейіпкерлер мұның барлығы әр эпизодта өз орнымен берілген.

Қоюшы-суретшінің еңбегі айқын байқалады. Әр реквизит өзінше бір үн қатады. Қоюшы-оператор – әйгілі поляк маманы Иоланта Дылевска екен. Үзіліссіз және діріл кадрлар – бұл да бір кейіпкер. Әбілге үңіліп тұрған.

Ал Әбіл – қазақтың өзі. Бірде аңғал, бірде жомарт, бірде қамқор, кейде жақынына келгенде қыңырлығы ұстап қалатын (баласына малын бермейтін сахна бар), кейде мінезді, қаһарлы, жаралы. Ерлан Төлеутайды осы образға таңдаған Елзат Ескендірдің көрегендігіне бас идік. Ерлан ағаның өзі айтқандай, «оқымаған әнші едім, енді оқымаған актер болдым». Әрине академиялық білім қажет қой. Алайда, Ерлан Төлеутай – дала институтының түлегі болғандықтан, қазақтың трагедиясын жан-тәнімен түсінгендіктен, осындай шынайы образ, шынайы рөл (ойнамаған, өмір сүрген) шықты. Еуропаның киносыншылары мен мамандары да ақымақ емес шығар «Үздік актер» аталымын беретіндей. (Және де ағамыз кино саласының ішінде жүрген адам. «Қазақ хандығы» фильмінің диалог сахналарын қағазға түсірген маман).

Фильмнің ең әсер тұсы – Әбіл монологі. «Атамның малын тартып алды, енді мені сол малдың соңына салды» деген сыпаттағы жан сөзі. Әбіл – тектінің, байдың (байды Кеңес одағы бізге жағымпаз кейіпкер ретінде көрсетіп келді ғой) ұрпағы. Болат (антагонист) – шолақбелсендінің тұқымы. (Бізде жемқорлықтың жайлауы да дүние, байлықты көрмеген ұрпақтың билікке келуінен. Өйткені оның қанында оған төтеп берер иммунитет жоқ). Ермек Тұрсынов айтпақшы, фильм – бір ғана сөз. Бар ой осы Әбілдің монологінде жатыр.

Мақалада логлайн (сюжет желісі) келтірмедік, спойлер жасамадық. Себебі әр қазақ көруі тиіс фильм болған соң. Тақырыпқа айдар қойған сұраққа біз жауап алдық. Ал сіз ше?

Ерболат ҚУАТБЕК