Қарағанды қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың өлкетану бөлімінің басшысы А.Төлеуханованың ұйымдастыруымен «Журналист – қоғамның айнасы» атты кездесу кеші өтті. Кеш қонақтарының қатары Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының Мәдениет қызметкері Ә.С.Жампейісов, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Т.Майбас, «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығының жетекшісі, зергер Қ.Жұматұлы, Қарағанды медицина колледжінің ұстазы П.Қуанышқызы және студенттерімен толықты.
Кештің басты қонағы ҚР Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, бірнеше сыйлықтардың жеңімпазы, қалымды қаламгер, теле-журналист, бақытын Арқа жерінен тапқан Әли Тойжігіт.
Әли Ағаның қаламынан «Сырсандық», «Өнегелі өмір», «Телеарна тынысы» атты кітаптарының шыққандығы оқырман қауымының есінен шыға қойған жоқ.
Кездесу кешіне де құр қол келмеген екен, сиясы кепсе де, иісі кетпеген «Күміс күлкі» атты тамаша кітабын ала келіпті.
Қаламдас достары Т.Майбас пен Ә.Сламбекұлы ортаға шақырылып, кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Ашып қалсаң күмбірлеп тұрған «Күміс күлкі» оқырманына жол тартты. Кітаптың жазылу, шығу тарихы жөнінде кітап авторы қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Кітапта шұбатылып жатқан ұзынсонар оқиғалар жоқ, қысқа-қысқа мәтіндер арқылы берілген езу тартар әңгімелер тобы жаныңызды жадыратары сөзсіз.
Биыл Қарағанды аймағындағы ел назарында жүрген бір топ қаламгерлер 70 жастың дәмін татқан екен. Бүгінгі кейіпкерімізбен кездесуіміздің де басты себебі осы оқиға төңірегінде болып шықты. Шырайлы Шымкент елінде болған жылы жүзді кездесулердің лебі есіп тұрды. Қарағандылықтар да Әлекеңнің 70 жасын өз дәрежесінде тойлаған болатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар легін де көргенбіз, марапаттан да кенде болған жоқ.
Бүгінгі кешке қатысып отырған замандастары, сырластары ыстық лебіздерін аяған жоқ. Студенттік кездегі небір қызықты оқиғалар, сырт көзге байқала бермейтін жұмыс барысындағы тосын жағдайлар жарыссөзге шыққан әріптестерінің басты нысанасына айналғанды.
Бойына қасиет атаулынының бәрін жинай білген Әли Тойжігіт ағамыз – арқа жеріндегі өлшеусіз еңбегі арқылы отбасылық бақытқа жеткен адам. Салтанат құрған шаңырақ шаттығы арқылы елге танымал өнер адамына айналды.
Осы істердің басында жан жары Мүслима жеңгеміздің тұрғандығы тағы шындық, оны өзі де жасырмайды. Жалпы бүгінгі кеш Әли ағаның тұлғалық, журналистік, азаматтық портретін тағы бір қырынан көрсетті.
Аңғар Смағұл