Бұқар Жырау ауданы Қарақұдық ауылында 150 орындық заманауи көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істей бастады. Онда жаттығулар, шеберлік сабақтары мен жарыстар өтеді.
Ауылда спортпен шұғылдану үшін жеке ғимарат салу мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатқан. Жергілікті мектепте жаттығу залы болмаған.
Ауданы 900 шаршы метрден асатын жаңа екі қабатты ДСК бір жылда салынды. Барлық инженерлік инфрақұрылым қосылған. Ойын залы, күрес және бокс залдары бар. Тоғыз секция ашу жоспарлануда.
Ауылдың жас тұрғындары футбол, волейбол, баскетбол, күрес, үстел спорт ойындары түрлерімен айналыса алады. Ол үшін қажетті жабдықтардың барлығы бар.
Ауыл тұрғындарын Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов қуанышты оқиғамен құттықтады.
– Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешені белсенді өмір салтын ұстанғысы келетін Қарақұдық пен оған іргелес елді мекендер – Доскей, Тоғызқұдық, Үштөбе ауылдары тұрғындарының басын біріктіретін орынға айналады. ДСК жаңа чемпиондарды тәрбиелеп шығаратынына сенімдімін, – деді ол.
Көптеген ата-аналар ашылу салтанатынан соң ДСК ғимаратын аралап, балаларын спорт секцияларына жазуды шешті.