Биылғы жылдың 9-16 қараша күндері Түркия елінің Анкара қаласында тоғызқұмалақ ойынынан VII әлем чемпионаты өтті. Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны, логикалық ойлау өнерінің үлгісі, дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымының материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
Жарысқа әлемнің 14 елінің 100-ге тарта тоғызқұмалақшылары қатысып, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Моңғолия, Өзбекстан, Румыния, Түркия, Испания, Франция, Чехия, Украина, Грузия, Венгрия және АҚШ елдерінің мықтылары күш сынасты.
Жарыс – классика, рапид және блиц түрлерінен өткізілді.
Классика түрінен ақадырлық жерлесіміз, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақтан жаттықтырушысы Қожанәсіп Асылхан Азаматұлы чемпиондық атағын жеңіп алса, оның қарындасы әрі әріптесі Аңсаған Азаматқызы блиц түрінен қола медальға қол жеткізді.
Ақадырлықтар әлем біріншілігінің жеңімпаздарын салтанатты түрде теміржол вокзалынан қарсы алды. Содан кейін спортшылар мен қарсы алушылар ат басын кент әкімдігінің ғимаратына бұрды.
Әкімдікте өткен кездесуде кент әкімі М.Ж.Қойшыбаев құттықтау сөздерін арнап, қазақтың салт-дәстүрі бойынша ата-анасының иықтарына шапан жапты, жеңіспен оралған тоғызқұмалақшыларға ақшалай сертификаттар табыс етті.
Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Б.С.Жанасылов ұжымының атынан теледидарды сыйға тартты.
Кездесуде Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Ж.Ахметов, кенттік соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы С.А.Алпысбаев, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Н.А.Сейітов, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің директоры Г.А.Түсіпова, еңбек және мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қ.Қ.Бекқожин т.б. өздерінің жүрекжарды құттықтаулары мен тілектерін арнады.
Ендігі кезекте ағалы-қарындасты Қожанәсіп Асылхан мен Аңсаған Тынық мұхитын асып, Америка құрылығындағы Колумбия елінде өтетін халықаралық турнирге аттанбақшы. Жерлестерімізге сәттілік пен жеңіс тілейік!
Қалижан БЕКҚОЖИН,
Ақадыр кенті