Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесін жетілдіру және оны барынша ашық әрі әділетті ету Қазақстандағы мемлекеттік басқару саласының басты бағыттарының бірі болып отыр.
2026 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі жаңартылып, іріктеу процесі толықтай автоматтандырылған форматта жүргізіледі. Конкурсқа қатысу «E-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталы – eqyzmet.gov.kz арқылы онлайн жүзеге асырылады.
Кандидаттар конкурсқа қатысу үшін алдымен мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ, жеке қасиеттерін бағалау тестіден өтуі қажет.
Тестілеуді конкурс басталғанға дейін тапсыруға болады. Онлайн тестілеуге қатысу үшін жүйеде тіркеліп, жеке кабинет арқылы тестілеу күнінен кемінде бір күн бұрын өтініш беру керек. Уақытын кандидат жүйе ұсынған кестеге сәйкес өзі таңдайды.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу төрт негізгі құқықтық акті бойынша өткізіледі: Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы және Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі. Барлығы 55 сұрақ қойылады. Өту үшін кемінде 30 дұрыс жауап беру және әр құқықтық акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап жинау қажет.
Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуі үш бағдарлама бойынша жүргізіледі. Бірінші бағдарлама басшылық лауазымдарға арналған және 10 құзыретті қамтиды (көшбасшылық, стратегиялық ойлау, нәтижеге бағдарлану және т.б.). Екінші бағдарлама басшылық емес лауазымдарға арналған және 7 құзыретті бағалайды.
Үшінші бағдарлама жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдарға арналған және әлеуметтік, эмоционалдық интеллект пен логикалық ойлауды анықтауға бағытталған.
Тестілеу нәтижелері бойынша берілген сертификаттар бір жыл бойы жарамды. Осы мерзім ішінде кандидаттар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға арналған конкурстарға қатыса алады. Жеке қасиеттерді бағалау тестін бір ай ішінде үш ретке дейін тапсыруға мүмкіндік беріледі. Егер кандидат нәтижесін жақсартқысы келсе, «өткен» мәртебесін алғаннан кейін үш ай өткен соң қайта тапсыра алады.
Конкурсқа жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған үздік бес кандидат жіберіледі.
Хабарландырулар жүйеде және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында өтінімдерді қабылдау басталғанға дейін екі жұмыс күні бұрын жарияланады.
Кандидат конкурсқа жеке кабинет арқылы өтініш береді.
Кадр қызметі кандидаттың еңбек кітапшасын, дипломын және басқа құжаттарын біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді. Құжаттарды электронды форматта, соның ішінде eGovMobile немесе Kaspi.kz қосымшалары арқылы ұсынуға болады.
Іріктеудің соңғы кезеңі лауазым түріне байланысты өзгереді. Басшылық лауазымдарға үміткерлер 250 сөзден аспайтын эссе жазып, кейін бейнебайланыс арқылы әңгімелесуден өтеді.
Ал басшылық емес және төменгі лауазымдарға кандидаттар практикалық тапсырмаларды орындайды. Олардың ішінде аналитикалық жазба дайындау, ресми хат жазу немесе өтініштерді қарау сияқты тапсырмалар болуы мүмкін.
Осылайша, онлайн форматқа көшу және цифрлық технологияларды енгізу мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесін барынша ашық, әділетті өткізуге мүмкіндік береді.
МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаменті
