Осыдан тура 40 жыл бұрын, яғни 1986 жылдың сәуір айының 26-ы күні Украинадағы Чернобыль атом электр станциясы жарылған болатын. Апатының салдарынан Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластану кеңірек жайылып, халық өміріне зор қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған аумақ залалсыздандырылды. Төтеннен келген апаттың зардабын жоюға Қазақстан азаматтары да тартылды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шеккен. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр.
Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға 31 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Солардың бірі бүгінде Қарағанды қаласында тұратын Мұхат Социалұлы.
– Мен бұрынғы Ағадыр ауданы (қазір Шет ауданы) Қарабұлақ ауылында тудым. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагермін. «Ерлігі үшін» медаль иегерімін, – дейді кейіпкеріміз.
Мұхат Социалұлы бірінші күннен апаттың зардабын жоюға қатысты. 3-топ мүмкіндігі шектеулі жан.
– 1985 жылы 2 мамырда әскер қатарына шақырылдым. Челябі облысы Новогорный атты жеріне түстім. Бұл құпия елді-мекен болып саналады. Осы жерде 6 ай оқу-жаттығудан өттім.
Әскери лауазым химиялық барлаушы. 1985 жылдың күзінде Киев қаласына жіберді. Азаматтық қорғаныс 01646 әскери полкіне түстім. 1986 жылы 26 сәуірде әскери дабыл болып, бірден арнайы жасақталған топпен Чернобыль атом электр станциясында болдық. Өрт сөндірушілерден кейін радиация доза мөлшерін өлшеуге екі офицер, алты жауынгер БРДМ мен Газ 69 автокөлігімен станция басына кірдік. Қазақстаннан үш қазақ болдық.
Командирдің орынбасары Ерлан Темірғалиев (марқұм) Орал қаласынан, мен жоғары химик барлаушы Мұхат Социалұлы және химик барлаушы Жаңаарқа ауданынан Қанат Торғаев, – деп еске алды Мұхат ағамыз.
Арнайы келген топ радиация мөлшерін өлшеді. Радиация дозасы сағатына 0,5 рентгеннен бастап 2080 рентгенге дейін көтеріледі. Осы жерде ол сағатына 26 рентген радиация дозасын алды. Бұл бейбіт уақытта өте үлкен дозалық радиация болатын.
Одан кейін олар тапсырмамен Припять қаласының тұрғындарын көшіруге көмектесті.
– Қала тұрғындарын көшіруге келген автобус, автокөліктерді күні түні радиация мөлшерін өлшеп, залалсыздандырып, жуып шайып қаладан шығардық. Біздерді атом электр станциясы басына бірінші күннен бастап арнайы сынау ретінде апарды, солдаттар тірі қайта ма, не болады деген оймен. «Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» деген тәмсіл бар қазақта. Аллаға шүкір тірі қалдық, бірақ… – осылай деген Мұхат Социалұлы ойланып отырып қалды.
Аман-есен әскери борышын өтеген Мұхат 1987 жылы елге оралды. Бір жылдан кейін отбасын құрды.
– Екі балам бар. Қызым Нұргүл 37-де, ұлым Ұлан 29 жаста. Екеуі де 2-топтагы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына жатады. 1990 жылы туған кызым шетінеп кетті. Осы Чернобыль апатынын салдарынан екі балам генетикалык тұрғыдан ауру болып отыр. Бір отбасыда үш адам әлемде болған ең үлкен адамзат колынан жасалған техногендік апат зардабын көріп отырмыз. Мен және екі балам Қазақстан Заңы бойынша соғыс ардагеріне теңестірілгендер қатарына жатамыз. Менін екі баламның ауруы еш уақытта, ешқандай да жазылмайтын дерт. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында тұрып жатырмын.
Бұл айтып отырған әңгіме ойдан шығарылған жоқ, өз көзіммен көріп, қолмен жасалған ерлік. Отан алдындағы борышымды атқардым. Біз ешқандай елмен соғысқан жоқпыз, басып кірген жоқпыз, адам өлтірген жоқпыз. Адамзатты, жер бетін адамның қолымен жасалған ең үлкен техногендік апаттан корғап қалдық. Бұл көзге көрінбейтін ең қауіпті тілсіз жаумен айқас, сондықтан біздің жасаған ерлігіміз елене бермейді, – дейді Мұхат Социалұлы.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
