«Ұстаздық қылған жалықпас ұйретуден балаға»
Абай
Әлібек ұрпағы, Баязит атамның немересі, әкесі Мұқаш-ұлы Отан соғысының ардагері, анасы Сақыпжамал –еңбек ардагері. Әкесі соғысқа кеткенде қыз туса атын «Тазагүл» -деп қойындар деген екен, ұл туса- «Нұрғали қой» дегені бар.
Сол Тазагүл апамыз атына заты сай болып 80 жасқа толып отыр.
Әулетіміздің үлкені, басшысы көш бастап тұрғанына 50жыл толды деп айтуға болады. Жастайынан алғыр, еңбекқор, болып өсті. Ата-әжесінің (Бастем, Гүлбахрам) қол қанаты болғандықтан әрине еңбекке ерте араласты.
Ағаларымыз соғыста, әскер қатарында, оқуда жүргенде әке-шешемізге қол-қанат болдық. «Екі бала» атандық. Үй салыстық, шөп шабыстық, қой қырқыстық қап-қап бидай көтеріп көмектестік. Сонда Тазагүл бір қап бидайды жалғыз өзі көтеріп әкететін, совхоздын қойын қырққанда, бір өзі ерлерше қойды алып соғып, күніне 20-25 қой қырқатын, ол совхоз жастарының алдында жүрді. Бұның бәрі кездейсоқ емес, жарытылыстан, Алланың берген қасиеті, бақыты деймін.
Бірде әкем (Рустем) түс көріп, былай деген: «Түсімде жамбас ұстап отыр екем. Бір шетінен кішкене ғана ауыз тидім де, жамбасты Тазагүлге бердім. Тазагүлдің ырзықысы өлгенше мол болады, өмірі бақытты болады» — деп түсін жорыған болатын деп шешем айтып жүретін. (Бұл кезде Тазагүл тұрмысқа шықпаған кезі). Бүгінде сол айтқаны келді. Өз қатарынан ойы озық, өрісі кең, қай жерде, қай ортада тұрса да өзі қатарынан биік, көрініп тұрады. Оны ел біледі және айтып жүреді. Енді осы әулеттің үлкені, бетке ұстары – Тазагүл. Ол өзінің осы әулеттің басшысы, ақылшысы, ұйтқысы екенін жақсы түсінеді. Өзіне Алланың берген ерекше қасиетімен туған-туысқандар арасында сыйлы, қадірлі. Өзінен кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтарға ерекше қамқор жасайды. Ақыл-кеңесін береді, асып-тасып жатпаса да, қажет боп жатқан жағдайда, өзінде болмай қалады-ау деп ойланбастан, көмек те беріп жатады. Бұл біз тарапымыздан ғана емес, бұндай көмек екі жаққа да бірдей. Бөкеңнің де туысқандарының жағдайларына қарап, барынша көмек береді. Сіңілім Ләззәт екеумізге Астананың балаларымыз үшін болашағы мол екенін түсіндіріп, отбасымызбен осында көшіп келуімізге үлкен себепкер болды. Жаны таза, мейірбанды, өзі әдемі. Сонымен бірге жанындағы туыстардың да әдемі болып жүруіне көңіл бөледі. Тазагүл кімге болса да, туысқа, жолдасқа, жерлеске тағы басқа да әріптестеріне жылы сөздерін айтып, бауырына тартып жүреді. Оны өзінің апалық, туыстық борышы деп санайды. Немерелердің дұрыс азамат боп өсуіне, үлкен мән береді. Олармен бірге дем алып, ел, жер көрсетіп, көргендерін көңілге тоқытып, қағаз бетіне түсіртіп жатады.
Бір үлкен дастархан басында (Әбілайдың құдалық тойында) көптің ортасында ең жақын екі шалдың баласының бірі, (Бөкеңдер әке орнына санайтын) Хасен ағай сөз арасында: Бөкеңнің әке-шешесінің үйін «кіші отау» деп атайтынын айта келіп, «Тазагүл келінім, кіші отауға бақытты бірге құшақтап әкелді. Осы келінім келін боп келгелі, бір бақыт бір бақытпен жалғасуда» деп ризашылығын қуана жеткізген еді.
Әкем мен апам қой баққандықтан олардың күйбін-күйбін шаруасын өмірі бітпейтін. Қой бағу, қой күзету, қойларды төлдету, қозыларды бөлектеу, оларды өріске айдау, қой сауу, жүн қырқу, апама үй шаруасына көмектесу жас қызды шыңдап өсірді. Білген адамға еңбек деген-осы.
Осы еңбекпен шындалған өмірін оқумен жалғастырды. Еңбек жолын пионервожатый, тәрбиеші мұғалім болып жалғастырды. Одан әрі қарай ғылымға бет алды. Жанында көзі ашық, көкірегі ояу ғалым, ағартушы ұстаз Болаттай жары болды. Бөкен Тазагүл апамызға жол көрсетіп, қанаттандырып отырды.
Тазагүлдің бойында қажымас қайрат, жасымас жігер сөзінің, ойының анықтығы мен айтылуынан сезіліп тұратын еді.
Өз көзқарасын батыл қорғайтын, жастайынан еркін өскендіктен ол ержете келе, кіммен пікірлессе де ойын бүкпей еркін айтатын. Оның бойында өзін-өзі шабыттандыру, өзіне талап қоя білу, жүйелі жұмыс істеу, алдына мақсат қоя білу, шаршамау, шалдықпау, әруақыттта қатарынан қалмауға тырысу, биіктен көрінуге ұмытылу оған алланың берген сыйы.
Туыстарын қоғамдап, қолпаштап, қасына жинап, ақыл айтып, жол көрсетуге жалықпайтын. Оның ішінде маған «Балаларының келешегі осы Астанада»-деп ақыл айтып, жол көрсетіп, тірек болып Астанаға көшіп келуімізге ықпал жасады. Ермағанбетке ерекше көңіл бөлді, болашақ өміріне жолдама алып берді.
Жалғыз біз емес туыстарының балаларына т.б. шапағаттары тиіп жатты. Олар да әр түрлі салада қызметтерін жасап, ел қатарлы азамат болып, үміттерін ақтап, бойларын түзеп, Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деген нақыл сөзінің кейіпкерлері болды деп айтуға болады.
Талабына тілек қою, жаңашылыққа құмар өзінің ұрпақтарын биіктен көргісі келетіндігіне ой тастап ақыл айтады, күдігін жасырмайды.
Ол бойындағы зейін мен зердені оқумен, біліммен байытты. Ақиқатты жазбай танитын, аңғаратын қосымша көз бар деп айтуға болады (второе зрение) сезімталдық деп те айту дұрыс шығар. Оның бойынан адамгершілік, әділет, ізгілік, жанашырлық сияқты адами қасиеттер мол.
Жасы келсе де, зейнетке шықса да бойындағы күш, қайрат, жігер, еңбекке деген құлшыныс, іздену, әлі де беретіні бар арманы орындалмай қалғандай күйде болды. Ол өзінің жұмыс істеген ортасын: әріптестерін, шәкірттерін, аудиториясын тіпті үстелі мен орындығына дейін сағынады. Тазагүлдің жаратылысы сондай. Қандай құбылыс, қандай өзгеріс болса да өзінің ішкі сезімімен қабылдайды.
Адамға керегі мазмұнды іс, қаракетті еңбек тіршілігін сүю, сезіну, ақылмен ойлап, өмірдің үрдісіне сай өмір сүру және оны жан — жағына дарыта білу жақсы дамыған. Бұны ерекше қасиеті деп түсінеміз.
Тазагүл апамыздың бойындағы тағы бір қасиеті — әдемі болу, әдемі жүру, әдемі сөйлеу. Ол осы қасиеттерін өзінің отбасына, жанындағы туыстарына, жолдастарына, әріптестеріне, шәкірттеріне, өсіп келе жатқан ұрпақтарының бойына дарытқысы келеді.
Соған лайық қаракет жасайды. Ол отанын сүйеді, қазағын жақсы көреді. Тілін құрметтейді. Отаншыл, қазіргі тілмен айтқанда мемлекетшіл (ұлтшыл). Дұрыс білім, дұрыс тәрбие алған жастарымыз еліміздің келешегінің әрі қарай дамуына үлес қосатынына кәміл сенеді. Өзінің еңбегінің мәні осында екенін сезеді.
Тазагүл 80 жастың желкенін көтердіңіз. Деніңіз сау болсын, балаларыңыз, немерелеріңіз аман болсын. Биіктен көрінсін! Ал сіз тұғырдан түспеңіз.
Жаңалықтың жаршысы, әулеттің жанашары, көш басшысы бізге ақыл айттыңыз, дұрыс жол көрсетіңіз, дұрыс бағыт бердіңіз. Біз сізге қарап бой түзедік, алға қарай жылжыдық. Осы естелігімді аяқтай отырып, Сіздер (Бөкен, Тазагүл) Абай атамыз айтқандай:
«Арттағыға сөзің мен ісін қалса,
Өлсең де өлмегенмен боласың тең» деген нақыл сөзінің кейіпкерлерісіздер.
Өмір – өзен сияқты. Өзен бірде сарқырап, бірде ақырын баяу ағады. Тазагүл апамыздың өмірін осы сарқырап аққан өзен сағасына ұқсатамын.
Тиштық РҮСТЕМҚЫЗЫ,
қадірлі ана, ұлағатты ұстаз,
бүгінде құрметті зейнеткер
24.02.2022 жыл
