Бұқар жырауды бұрмалаған кім?

«Жаныс Қарабайдың қолында, Түнде туған ұл едің» — Бұқар жырау мұрасына көлденең енген сөз. Бір топ ФБ (facebook) достар Тұңғышбай Жаманқұлов осы сөзге байланысты бірдеңе жазды, дәлелдеді деп талқыға салып жатыр екен. Пікірімізді айтайық. Бұл сөз Бұқар жырау мұрасының негізгі иесі болып табылатын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Имантай Сәтбайұлы (Потанин көшірмелері) жазбаларында жоқ. Алғаш рет 1931 жылы С.Сейфуллин құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» кітабында жарияланды. Жырдың негізгі контексінен көрініп отырғандай бұл жерде арасына бес жыл салып адамның өмір белестерін жырлаған фалсафалық толғауда Абылайды сынайтын, оның қай жерде, кімнің қолында туғанын түгендейтін себеп жоқ.

Бұл толғау 1778 жылы Бұқар жырау тоқсан бес жасқа келіп, дүния ісінен безіп, Көкшедегі хан ордасымен қоштасқанда шыққан. «Иә, тойымсыз дүние» деп толғанған жырау дүние ісінен қол үзетін сәтіне асық. Өмір өтті, көз ілеспес жылдамдықпен балалық бал дәурен, жігіттік жиырма бес, орда бұзған отыз бес, қылыштай қарымды қырық бес, ел ісін елекке салған елу бес, алысты аңдаған алпыс бес, жеті қазынаның есебіне кірген жетпіс бес, самұрықтай серпіліп сексен бес — бәрі де тарихтың қойнына енді. Кәрі жыраудың ханға арнап айтқан соңғы толғауларының бірі өмір асулары туралы еді.

Бір шалағай жыршы алған да жиырма жасқа Жаныс Қарабайды жапсыра салған. Бұл жерде Абылайдың жиырма жасындағы ерлігі,  Шарышпен жекпе-жегі айтылуы тиіс еді.  Үмбетейше «Жиырма жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақты тапқанда, Шарыштың басын қаққанда, Қанжығаңа бас байлап, Жау қашты деп айғайлап, Абылайлап шапқанда, Ұмыттың ба соны, Абылай!» десе бір сәрі, Бұқарша  «Алтын тұғыр үстінде, Ақ сұңқар құстай түледің, Дәулет құсы қонды басыңа, Қыдыр келді қасыңа» десе бір сәрі. «Жиырма жасқа келгенде Жаныс Қарабайдың қолында туып едің, оны да көрген күнім бар» деудің өзі абсурд. Осы себепті толғауды Бұқар жыраудың толғауы деп қабылдағанмен де, жоғарыда көрсетілген екі жолды толғаудың түпнұсқасы ұмытылған себепті кездейсоқ еніп кеткен қисынсыз дүние ретінде бағалаймыз.

Толғаудың дұрыс нұсқасы:

Әй, Абылай, Абылай!

Сен он 6ір жасыңда,

Тұрымтайдай ұл едің.

Он бес жасқа келгенде,

Арқада Әбілмәмбет төренің,

Жылқысын бағып жүр едің.

Абылай атың жоқ еді,

Сабалақ атпен жүр едің.

Жиырма жасқа келгенде,

Оны да көрген күнім бар.

Жиырма беске келгенде,

Бақты берді басыңа,

Тақты берді астыңа.

Отыз жасқа келгенде,

Дүниедей кең едің.

Отыз бес жасқа келгенде,

Қара судың бетінде,

Сығылып аққан сең едің.

Қырық жасқа келгенде,

Алтынды тонның жеңі едің.

Қырық беске келгенде,

Жақсы-жаман демедің.

Елу жасқа келгенде,

Үш жүздің баласының

Атының басын бір кезеңге тіредің.

Елу бес жасқа келгенде,

Жақсы болсаң толарсың,

Жаман болсаң, маужырап барып соларсың.

Алпыс бес жасқа келгенде,

Әрбір атқа қонарсың.

Жұмсасаң бала тіл алмас,

Қатының қарсы шығып ұялмас.

Әр нешік күнің сол болар,

Еңкейіп орақ орарға,

Тоңқайып масақ терерге.

Жетпіс жасқа келгенде,

Жетпіс деген жел екен,

Шала ауырып пір екен,

Жетпіс бес жасқа келгенде,

Жылуы болмас қойныңның,

Қаруы болмас сойылдың,

Өлмесең де жойылдың,

Әр атаққа қойылдың.

Сексен деген сор екен,

Шындап ұрған пері екен.

Сексен бес жасқа келгенде,

Екі қара көзді алар,

Ауыздағы сөзді алар,

Бойыңдағы әлді алар,

Бетіңдегі нұрды алар.

Қолыңдағы істі алар,

Бойындағы шырды алар,

Бетіңдегі түсті алар,

Қолыңдағы істі алар,

Өлмегенде нең қалар!

Тоқсан бес деген сор екен,

Дүйім жанның қоры екен,

Қарғиын десең екі жағы ор екен

Найза бойы жар екен,

Түсіп кетсең түбіне,

Түбі жоқ терең көл екен.

Ел қонбайтын шөл екен,

Келмейтұғын неме екен.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарихшы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *