Header Banner

Балалар қуанышының мекені

Бала күлкісі – өмірдің сәні, балғын көңілдің шаттығы – кез келген ортаның шырайын кіргізетін ерекше құндылық. Балалардың қуанышына ортақтасып, олардың алаңсыз ойнап, еркін тынығуына жағдай жасау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Ақадыр кентінде «Балапан» ойын орталығының ашылуы – тұрғындар үшін қуанышты жаңалық, ел игілігіне бағытталған игі бастама.

Бүгінгі таңда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру – өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, ауылдық жерлерде бүлдіршіндердің көңіл көтеріп, уақытын қызықты өткізетін арнайы орындардың болуының маңызы зор. Осы қажеттілікті ескерген кәсіпкер Бегайдар Арайлым Төлеуқызы жаңа ойын орталығын ашу жөніндегі бастамасы көпшілік көңілінен шыққан игілікті іске айналды.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына жиналған қауымның жүзінен қуаныш пен ризашылықтың лебі сезілді. Салтанатты шараға қатысқан кент әкімінің орынбасары Г.Б.Тасырбаева, кәсіпкердің ата-аналары Т.Ж.Төкенов, Е.Б.Бейсембаев, Р.У.Бейсембаева жиналған жұртшылықты айтулы оқиғамен құттықтап, кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік пен толағай табыс тіледі. Олар мұндай нысандардың ауыл өміріне серпін беріп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, әсіресе жас ұрпақтың қуанышына қызмет ететінін атап өтті.

Ақ батаның қадірін білген халқымыз қандай да бір игілікті істі үлкендердің ақ тілегімен бастауды дәстүрге айналдырған. Осы жолы да ақсақалдар бата беріп, жаңа орталықтың лентасы қиылды. Шара барысында дәстүрге сай шашу шашылып, игі бастаманың құрметіне ақжарма тілектер айтылды. Жиналған жұртшылық жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, балалардың шат күлкісіне толы берекелі мекенге айналуына ниет білдірді.

«Балапан» ойын орталығы – кент бүлдіршіндерінің бос уақытын қызықты әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретін жаңа орын. Мұндай орталықтардың ашылуы балалардың қуанышын еселеп қана қоймай, ата-аналар үшін де қолайлы жағдай қалыптастырады. Өйткені баланың шат көңілмен ойнап, алаңсыз уақыт өткізуіне мүмкіндік жасау – оның балалық шағына деген қамқорлықтың бір көрінісі.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті