Тәуелсіздіктің темірқазығы

«Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген қарға тамырлы қазақтың тамыр-тегіндегі асыл қасиеттердің бірі – татулық пен ынтымақтастық. Бүгін ғана емес, бағзыдан, мыңжылдықтардан бері бүгінге ұласып, Қазақстан қазір басқаларға берекелі бейбіт өмірдің шамшырағы – қарусыз әлемді үлгі қылып отыр. Ол өз алдына бір әңгіме. Алайда, түптеп келгенде, астарынан теке-тірессіз тату-тәтті өмірдің елесі ту көтеріп шыға келеді.

«Айтар болсаң, Алланы айт» (Бұқар жырау) деген Алаш баласының елдік ұраны мен ұлттық ұстанымын бүгіннен ғана емес, түп-қиянынан бастап жазбай тануға болады. Халқымыздың қаны мен жанынан қайнап шыққан, ұлттық кодының төлқұжаты – жыраулар поэзиясын қараңыз. Бірлік пен ынтымақсыз ісің оңбайды дегеннен басталады ләмі. Бұқар жыраудың ХVІІІ ғасырда «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,

Бұл үйректей болыңыз.

Судан суға шүйгумен,

Көлден көлге қоныңыз.

Байлар ұғлы шоралар

Бас қосыпты десін де!

Маң-маң басып жүріңіз

Байсалды үйге түсіңіз.

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» дегені ХХ ғасырдағы Абайдың «Біріңді қазақ, бірін дос, көрмесең істің бәрі – бос» идеясымен астасатыны – кездейсоқ емес! Бейбітшілік пен татулыққа үндеген Бұқардың бұл ойы бүгінгі ынтымақ пен тұрақтылықтың түпқазығы, тұма бастауындай сезіледі. Жоғарыдағы жырау өсиеттері бүгінгі Қазақстанның іргетасы болып қаланып жатқандай көрінеді. Қазіргі Қазақстанның іргесі бірлік пен бейбітшіліктен, татулық пен ынтымақтан тұрады.

Ендеше, бізге бірлік пен елдік туын көтергеннен басқа түк те қалған жоқ! Сонау Алтын Орданың дәуірлеп тұрғанында Сарай-Бату, Сарай-Беркеден сегіз қиыр шартарапта қандай халық болса, солардың қайқайсы да табылар еді дейді тарих. Ұлы Жібек жолының кіндігі болған Ұлы Даламыз. Тіпті кейінгі Қазақ хандығы кезінде де солай. Сарайшық, Сығанақ, Сыр бойы қалаларында сауда керуендері арқылы өркениет қайнап жатқан. Кейінде іштен іріп, бүйректей бөлінсек, «бөліп ал да билей бер» деп іріткі салған басқыншы жұрттың қитұрқы саясатының кесірі. Соның өзінде шілдің қиындай шашырап кетпеппіз. Әйтпесе, «таспен атқанды аспен ат» деп өсиет қалдырған ел алауыз болды деудің өзі ақылға сыймайды. ХХ ғасырда арып-­ашып тыйтығы құрыған, онымен қоймай, репрессияға байланған кездің өзінде тағдырдың айдауымен жер ауып келгендерге кеңқолтық бауырмалдық танытқанымызды қайда қояды әлем? Түк көрмеген тобырлық өркениеттің өкілі болса өйте ме? Өзі жетпей отырғанда, бықпырт тигендей тырқыратып қуып шықпай ма? Жоқ, олай етпеппіз. Үлкен өрелі елдің текті тұқымынан екендігімізді танытып, тағдыр айдауымен келгендерге жарты нанымызды бөлісіп, бауырымызға басыппыз. Елдігімізді көрсетіппіз. Немісіңе, кәрісіңе, жер ауып келген жөйітіңе болсын… Азаттықтың алғашқы жылдарында да елде жағдай мәз еместі. Өліара. Осындай өткелекте, жаза басса жазым болар қылдан жіңішке, қылыштан өткір тұста ұлттың қантамырында қайнап жатқан дегдар қасиет қайта ояныпты. Демек, Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығы заманынан бойына сіңген ұлттың ұлы қасиеті өшіп кетпепті.

Тәуелсіздіктің темірқазығы тұтастық десек, алтын арқауы – бірлік пен ынтымақ. Ынтымағы ұйыған Отанымыздағы келісім мен қауымдастық. Берісі адамзат баласының бір-біріне деген бауырластығы мен доскөңіл ізгілігі. Ал, ізгілік үстемдік құрған жерде, зұлымдыққа жол жоқ. Адамзат бір-біріне бауыр тартып, бірлік орнай бастағанда барып береке шөгеді. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінген жерден ғана тұтастық пен елдіктің туы көтеріледі. Кісі баласының арасындағы азғантай ғана жақындастық, азғантай ғана көңіл осындай үлкен дүниелерге бастайтынын ертеден білген атам қазақ. «Көңіл көңілден су ішеді» дей ме, әйтпесе. Адам бойына қуат бітіретін көңіл болса, сол көңілдің өзі қуатты екінші бір көңілден алатын болып тұр ғой сонда. «Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық, Қыр артылмас болған соң – мінсе қырқың» депті Абай. «Басбасына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген де кемеңгер Абай. «Аққу, шортан һәм шаян» болып әркім өз білген жағына бұра тартса, елдің ынтымағы бұзылады екен. Жоғарыда біз атаған «бөліп ал да билей бер» содан шығады екен. Ендеше азаттығымызды баянды етудің төте ынтымақ пен бірлікте жатыр деген сөз. Сол азаттықтың арқауы тұтастықта болғанда, оның алтын тамыры сонау бағзыдағы қазақтың ақылманы, идеологиялық көсемі Бұқар жырауда, беріге келсе Абайда болып тұр ғой. «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұл үйректей болыңыз» деп, құсекеш құстың топтанып ұшқанынан ғибрат тартқан Бұқардың жыры. Топталып ұшқан үйректер мысалының соңында «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» демеді ме Бұқарекең?! Көмекей әулие атанған абыз жырау бұл жерде ұлттың кемеліне келіп, өз қадіріне жетуін айтып тұр. Қадірің қайтса, бәрі қайтады! Қадірімізді қашырмау жолында күресейік онда.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *