Ой – ғұмырының жемісі. Не ойласаң соған айналасың. Демек, жақсы ой өміріңіздің жарқын көрінісі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы төрағасының орынбасары Клара Садырбаева осы қағидамен өмір сүретін жандардың бірі. Тұлғаның басқа да қандай қасиеті бар. Кешкен ғұмыр, салған соқпағы қандай? Сұхбатымыздан біле аласыз!
– Бұқар жырау айтады ғой: «Тартпай қоймас негізге» деп. Адамның қалыптасуы, мәдениеті мен тәрбиесі тамырына, шыққан тегіне байланысты. Сіз өскен орта, сіздің тегіңіз қандай еді?
– Негізі, біздің түп-тамырымыз – Талдықорған мекенінде жатыр. Ашаршылық, репрессия жылдарын білесіз! Қазақ жан-жаққа босып, жер аударды. Тағдырдың жазуымен біздер Өзбекстанның Бұқара облысынан бірақ шығыппыз. Жер аударған жылдары әкем небәрі 5 жаста екен. Әкемді тағдыр ерте есейтті. Ес білмей жатып, әке-шешесінен айырылып қалды. Балалар үйінде өсіп-өнеді. Бірге өскен достары, тағдырластары Данияр, Мәмбет, Бақтияр төртеуі Пединститутқа оқуға түседі. Сол достарына жәрдем қылып, білгенін айтып көмектескен. Араларында көшбасшы болған. Достары оған арқа сүйеген. Әкеміз ісіңе – мығым, сөзіне – берік азамат болып өскен.
Он сегіз жасында-ақ шаңырақ құрып, алға мақсат қоя білген. Шешем – Жетісайдың тумасы. Анам да ерте жетім қалып, оны Ахмет деген бай кісі бауырына басқан екен.
Әкем Садырбаев Қондыбай жоғары қызметте болған адам. Үйленген жылдары ұрыс басталып, шайқасқа аттанған. Сталинград түбінде Отан үшін отқа түсіп, ерлік қылған екен. Алайда, 1942 жылы жарақат алып госпиталға түсіп, бір жылдан соң елге оралады. Оқ жүрегін жалап өткен екен.
Соғыстан келген соң Постсовет болып қызмет қылған. Бұқара облысы, Кенимех ауданында. Қызмет қылып жүріп «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын сырттай оқып шыққан. Кенимех ауданы, Навбахор ауданы, Кармана ауданы бар. Осы барлық ауданға Партком болып 17 жылдай қызмет қылды. Ол кезде Партияның рөлі, деңгейі жоғары екенін білесіз. Бірнеше совхоздың директоры болды. Отбасында 10 бала болғанбыз. Оның төртеуі –
ұл, алтауы – қыз.
– Бала әке-шешесіне қарап бой түзейді. Тәрбиені соларға қарап аламыз. Сіз әкеңіздің қандай басты қасиеті мен қағидасын тілге тиек етесіз. Қай қасиетті өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізге қолданасыз?
– Бұқара облысында әкемнің көзін көрген, дастарқандас болған азаматтардың көбісінің көзі тірі. Сол кісілер көрген сайын айтады: «Әкеңізге қатты ұқсайсыз» деп. «Қай жері ұқсаған?» деп нақтылап сұрасам, әкемнің көшбасшылық қасиетін, елді біріктіре, ұйыстыра алатын қабілетін айтады. Ол дүние менің бойымнан да кездеседі екен. Ал анамның замандастары шешеме ұқсатады. Ол кісі де педогог болған. Шешем Ахметова Тілләның да ұйымшылдық, басқарушылық қасиеті бар еді.
Адамда іштарлық болмаса, баршылықта, кеңшілікте өмір сүреді. Осыны естен шығармаған жөн. Әке-шешемді осы қағиданы ұстанып, бізге ешқашан жоқшылықты көрсеткен емес. Молшылық пен кеңшілікте ғұмыр кештік. Әке-шешемнің үнемі айтатын сөзі бар еді: «Адамды ешқашан бөліп-жаруға болмайды. Анау – бай, мынау – кембағал деп. Әрқайсының өзінің артықшылығы, адами құндылығы болады. Осыны ұмытпаңдар» деген.
Әке-шешем ақсүйек тұқымнан, бай-бағлан әулеттен шыққандар. Ата-бабаларымыз өте бай адамдар болған. Байлығында шек болмаған деседі. Алайда, заманның ызғары тып-типыл қылған. Дегенмен, әкеміз сол кеткен есені қайтарып отыр ғой.
– Бір сұхбатыңызда: «Өзбекстанда өзге ұлттың азаматы ешқашан басшылық қызмет қыла алмаған. Әрі кетсе орынбасары бола алады» депсіз. Әкеңіздің кезінде бұл дүние болды ма, әлде кейіннен қалыптасқан ба?
– Бұл «әдет» тәуелсіздік алған жылдары басталған. Ол кезде, Кеңес уақытында мұндай дүние байқалған емес. Байқап отырсам, 1980 жылдан бері қарай қазақ басшылары азая түскен екен.
– Сіз де әкеңіз секілді жастайыңыздан басшылық қызмет атқарып келесіз. Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Ленинград институтының Самарқандтағы филиалының қаржы факультетінде оқыдым. Оны тәмамдаған соң сол кездегі ірі мекемелердің бірі болған шаруашылық механизацияға бас бухгалтер болып қызмет атқардым. Одан кейін мені ауруханаға Кадр бөлімінің басшысы лауазымына тағайындады. Аттай 25 жыл еңбек қылған екем.
– Сіздің еңбек жолыңызды қарап отырсақ, жоғары қызметтерді атқарған екенсіз. Демек, сізге басшы деген ұғым, түсінікті өте жақсы білесіз. Басшы деген қандай болу керек?
– Мен бірнеше салада басшы болғанмын. Біріншіден, психологияны, адамның психологиясын жақсы меңгеру керек, Екіншіден, саланы кәсіби деңгейде білген дұрыс. Оның әр тармағына жауап бере алатындай білім қажет. Қызметкердің неге қабілетті екенін жете түсініп, соған қарай бағыттай білуіңіз тиіс. Егер де қызметкеріңіз сізден артық біліп отырса басшы болғаныңыз – бес тиын. Осыны ескеру керек. Мұндай тәжірибені үлкен мекемеде, қызметкері көп ортада жұмыс істеп меңгергенмін.
– Білуімше, есте сақтау қабілетіңіз өте жоғары. Кадр бөлімінде 25 жыл атқарғаныңыз бар. Дегенмен, бәленбай мың адамның архивін жадыңызда сақтау, фамилиясын ғана ести салып досьесін айтып беру қасиеті қалай қалыптасқан?
– Қабілет дегенмен қанмен беріледі ғой. 11 ауданның ауруханасының қызметкерлерінің барлығын білетін едім. Жатқа білем.
– Өмір – ала-құла. Ақ пен қарадан тұрады. Шың мен шыңырау. Қиын кезеңдерден талмай, жеңілмей, мойымай өтуге күш-қайратты қайдан алдыңыз? Қалай күрестіңіз?
– 2005 жылдары қазаққа деген күрес қарқынды жүрді. Сол жылдары басшылық еткен біраз қазақ азамат жазықсыз істі болып кетті. Мұның бәрі бірінші президенттің «белсенділігі» арқасында болған «репрессия» еді, былайша айтқанда. Алайда, мен бұл дүниеден қорыққан емеспін. Өзімнің адал еңбегіме сендім. Және қанмен берілген мінезіме иек арттым. Соның арқасында сол бір кезеңнен аман-есен өткенім бар
– Жетістікке жетудің құпиясы неде?
– Мақсат қоя білген адам жетістікке жетеді. Егер шын мақсат қоя білсе. Біреудің әңгімесіне, гөй-гөй әңгімесіне ешқашан назар аудармауға тырысам. Бізді жолымыздан адастырып, сындыратын да біреудің қысыр әңгімесі ғой. Ал оның айтып отырғаны шындыққа жанаспайтынын біле тұра неге оған құлақ түруіміз керек?! Осы жерде біз қателеседі екенбіз. Сондықтан, мақсатына қарай ұмтыл. Жет. Жеңіс тұғырынан көрін. Болды. Басқа ештеңе керек емес.
– Атажұртқа деген сағынышты қалай суреттеп бересіз?
– Әкеміз біздің кім екенімізді, шыққан тегімізді үнемі айтып отыратын. Бірақ, біз туған өлке кезінде Қазақстанның аумағы болған. Алайда, кейін Өзбекстанға өтіп кеткен екен. Қазақтың біраз жері өзге елге өтіп кетті ғой. Сол жылдары 27-жылдары көп қазақ құжатқа өзбек болып жазылып кеткен. Өзбектендіру саясаты қарқынды жүрді ол кезде. Бірақ, олар, олардың ұрпағы өзінің қазақ екенін біледі және мақтан тұтады. Ол кездері 5 миллионнан астам қазақ болса, қазір бір жарымға миллионға жуық қазақ қалған екен. Көбісі, атажұртына қоныс аударды. Қарап отырсаңыз, өзге елде сұлтан болғанмен бәрібір атажұртына қызмет қылғанын әлдеқайда қайырлы екен. Сондай қастерлі әрі қадірлі.
Бұл жақта қазаққа жасалған қыспақ көп болды. Осы Мирзиеев келгелі жаңа мүмкіндіктер ашылды ғой. Алайда, оған дейін алалау жиі кездесетін. Қазақша кітап шығару деген қияметтің қияметі еді. Цензура деген бар. Бәленбай адамның қолынан өту керек. Егер ол өтсе. Масқара емес пе?
– Мынадай парадокс бар. Өз елінде туған кейінгі жас өз ана тілін білмейді де, ал шалғайда бөтен елдің мәдениеті мен тілін, ділін естіп өскен азамат ана тілін ұмытпаған. Атажұртқа деген сезім әлдеқайда күшті. Мұның сыры неде?
– Қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан қазақ мәдени орталықтың мақсаты да – сол. Туған тілді, әдебиетті, мәдениетті Өзбекстанда жасап жатқан қазақ ұлтына сіңіру, насихаттау, ұмыттырмау. Сіз айтып отырған үрдіс содан қалыптасқан. Шалғайда жүрген қазақтың атажұртқа деген ыстық сезімі сонда туып өскен азаматтарға қарағанда бәрібір басым болады.
Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің жасаған жақсылықтарының бірі – осы орталық. Кезінде елшіліктің мекемесі болған ғимаратты сыйға тартып, балансқа өткізген. Қазір соның шарапатын көріп отырмыз.
– Білім саласына қосқан үлесіңіз орасан. Елімізде мыңдаған жастың білім алуына тікелей ықпал жасадыңыз.
– Өзбекстанда 371 қазақ мектебі бар. Тек 9-сыныпқа дейін. Одан кейін 3 жыл колледжді өзбек тілінде оқиды. Содан грантқа түсе алмай, ақылы оқуға мәжбүр еді. Бұл мәселе талай көтердік, жаздық. Шешімін таппай келіп еді. Шавкат Мирзиеев ел басына келгелі бар оңтайлы шешімін тапты. 2018 жылдан бері әлгі қазақ мектептері 11-сыныпқа дейін созылды. Орталықтың жасаған ауқымды жұмыстарының бірі – осы. Осы уақытқа дейін 70 мыңнан астам адамды оқуға түсірген екенмін.
– Риясыз әңгімеңізге рақмет!
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ