ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДҮБІРЛІ ОЙЫНДАРЫ ӨТПЕК

Тарихтан мәлім, казіргі Қазақстан жерлерін және тұтас Орталық Азияны мекендеген халықтардың негізгі кәсібі мал өсіру және аң аулау болған. Ертеден келе жатқан «Манас», «Көрұғлы, «Қобыланды» т.б. батырлық жыр-дастандарда тек аң аулау өнері ғана емес, туған жерге деген махаббатта жырланады. Сонымен бірге, аң аулауға дайындық көріністерінен адамдардың шынығуы, бойдағы күш-қуатты жетілдіруі байқалады. Топ болып аңға аттанғанда, олардың ішінде өрімдей жастар да қатар жүрген. Олар ересектердің тәжірибесін көріп, аңшылық өнерге жетілген. Мұның мәнісі жеке адамның, рудың немесе қауымдастықтың тіршілік үшін күресінде сол жердің табиғи қатаң жағдайында қорек табуға әркімнің де үлес қосуға тиісті болуында деп түсінеміз.

Найза мен садақтың өмірге келуі үлкен жаңалық болды. Адамдар аңдарды қашықтан мерт қыла алды. Бірақ, аңшылықта олжалы болу үшін ең әуелі найзаны дәл сілтеп, садақты мергендікпен ата білу қажет. Сондықтан адамдар аңшылық дағдыларына үйренетін, неғұрлым мерген және шапшаң аңшылардың іс-әрекеттерінен тәлім алды. Садақты жақсы ату үшін жас адам әрі күшті, әрі епті болуға тиіс. Сондықтан садақ атуға машықтану барысында жастар басқа да өнерді, мысалы найза сілтеуді, балта жұмсауды, тас лақтырудықатар үйренді. Мұның бәрі дене күшінің шынығуына әсер етті.

Қазақ елін-жерін қорғауы үшін де ат ойындарына жаттықты. Ат ойындарына мейлінше шебер болуы үшін қазақ жастары көп тер төгетін, арнайы дайындықтан өтетін, шабандоздық машығына қанығатын. Әрі атқа берік, тақымы қатты, әрі найзагер, мерген жігіттер халық арасында құрметке бөленді. Бұл жөнінде ауыз әдебиеті үлгілерінен көптеген мағлұматтар табуға болады.

Тіршілік ортасы, атамекен, жер үшін соғыстар пайда бола бастаған кезде адамдар қорғаныс әдіс-тәсілдеріне үйренуі қажет болды. Бұдан былай дене тәрбиесі мен дәстүрлі о        йын қазақ тарихында соғыс мүддесіне, қорғаныс мүддесіне арналды. Басқыншының бетін қайтару үшін садақ тартып, семсер сілтеу, ат үстінде соғысу сияқты әскери өнердің беделі арта берді. Дұшпанның шабуылына әр уақытта әркім дайын болуы үшін соғыс өнеріне машықтану қажеттілікке айналды.

Қазақбалаларын үш жасында-ақ атқа отырғызып, баулыған. Бұл оқиғаға ерекше мән беріліп, той жасалатын, құрбандық шалынатын. Қазақ баласы бес жасында өз бетімен атқа мініп, алты-жеті жастағы балалар бәйге атының жалына жармасады, он төрт, он бестегі жасөспірімдер ат құлағында ойнайды. Қазақ жігіттері аңға шыққанда да балаларды қасынан тастамаған. Жақсы аңшылардың балалары әке кәсібіне ерте бастан үйренген. Олар қаршыға, сұңқар, бүркіт салуды шебер меңгерген.

Балаларды аңшылыққа, саятшылыққа, шабандоздыққа баулудың өзі – педагогика. Олай болса, әуелі балалардың бейімін анықтап алу қажет. Қазір көпшілікке аламан бәйгеде Жұмыртұяғымен шабатын Хамза атты шабандоз бала етене танымал. Жуырда көшпелілердің ұлттық ойындары өтеді екен. Ат спортының ұлттық түрлеріне арналған 5-ші дәстүрлі жарыстар өткізу дәстүрге айналғанын көріп қуанып қалдық.

Орталық Азия халықтарының, оның ішінде қазақ халқының тарихына қарап отырсаңыз, жастарды ұлттық спорттың дәстүрлі түрлеріне тәрбиелеудің қатаң және терең ойластырылған тәртібі қалыптасқанын байқайсыз. Бұл тегін емес. Жат жұрттардың басқыншылық қаупінен сақтанған аға ұрпақ кейінгі буынды қорғаныс өнеріне, соғыс машықтарына тәрбиелеуге мәжбүр болды.

Қазақ халқының өткендегі шежіресіне қарап, дене тәрбиесі мен әскери дайындықтың сан түрлі жаттығулары болғанына көзіңіз жетеді. Олар: тас лақтыру, тас көтеру, садақпен жақтан ату; семсер, сойыл, шоқпар сілтеу; арқан тастау, бұғалық лақтыру, құрық жұмсау; бәйгі, қыз қуу, ат ойындары, күрес түрлері, аттан ұрып түсіру (соғыс және барымта кезінде), судан атпен жүзіп өту, өткелді жаяу кешу, ағын суға сал салу, үрленген қарын салу, су астынан сүңгіп өту, қайық, кемемен ескек есу, асулардан, шың-құздардан өту сияқты өнерлердің әрқайсысы ежелгі қазақ тұрмысына жат болмаған. Бұл орайда гректің олимпия ойындары сияқты күш, ептілік, ерлік сынасу ойындарының қазақтарда, қырғыздарда, өзбектер мен тәжіктерде дәстүрлі түрде өткізіліп тұрғандығын да айта кетелік.

Ұлы бас қосуларда шығыс халықтары жастарының мейрамдарында дене тәрбиесі мен спорт ойындарының қаншалықты орын алатындығы жөнінде географ-тарихшы А.Н.Левшин былай деп жазған екен: «Той-домалақтарда жасөспірім балалар атқа мініп шабады, ересектер ортаға шығып күреседі. Түрлі ойындардың арасында жастар ән салады».

Ас беру рәсіміне ерекше тоқталуға болады. Ас алдында әрісі жарты жыл, берісі бір-екі ай бұрын алты Алашқа жаршылар жіберіліп, астың кімге берілетінін, қашан және қайда берілетінін хабарлаған. Асқа жиналған қалың қауым дүниеден өткеніне жыл толып отырған қадірлі адамның құрметіне ат шаптырады (және де бәйгенің тай жарыс, құнан жарыс, жорға жарыс, алысқа шабар аламан бәйге сияқты түрлері болады), көкпар тартқызады, аударыспақ, теңге алу ойындарын ұйымдастырады; жаяу жарыс, әйелдер жарысы, балуандар күресі сияқты спорт ойындары көрсетіледі.

Мұндайда білікті, белгілі аталар мен рулар өздерінің артықшылықтарын көрсетіп қалуға ұмтылады. «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген патриоттық мәндегі мәтел сол кездерден қалған.

Әлбетте, көшпелі қазақ тұрмысы жағдайында ұлан-асыр ас беру рәсімі жиі болмаса да, қайтыс болған адамның атақ-даңқы, ел ішіндегі беделіне қарай әр уақытта өткізіліп тұрған. Асқа жиналған халық тек қана өлген адамның қадірін құрметтеп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, ел амандығына, жер тұтастығына қатысты мәселелерді игі жақсылардың қатысуымен ақылдасып шешетін болған.

Осылайша, сән-салтанатпен өткен aстаp туралы әңгімелер, аңыз-әфсаналар жылдар бойы жалғасып, жастар тәрбиесіне қызмет еткен. Аста аты озған, балуаны жеңген, қызы жеткізбей кеткен рулар мен аталар мақтаныш сезіміне бөленген. Міне, осындай айтулы оқиғаларды ірі-ірі спорттық жетістіктер дүниеге келген, күші басым, ақыл-парасаты жоғары адамдардың даңқы көпке жайылған.

Қазақ арасында дене тәрбиесіне ерекше мән берілетініне екінші бір себеп – халықтың көшпелілік тұрмыс салтында деп ойлаймыз. Табиғатпен бетпе-бет, жыл он екі ай күн кезінде, жел етінде, ыстыққа күйіп, суыққа тоңған қазақ азаматтарының әл-қуаты мықты болуы керектігі заңды Олар боран-шашын жағдайында малды сақтап қалуға, ұрыдан, ит-құстан қорғауға әрқашан дайын болған.

Көшпелі халық үдере көтеріліп, сан көш жерге ауысып қонып отырды. Киіз үйді тез жығып, көлікке тиеп, жаңа қонысқа келгенде шапшаң тұрғызу үшін де күш-қуат, сергектік пен ептілік керек еді. Осының бәрі қазақ баласын дүниеге келген күннен бастап тіршілік ыңғайына қарай тәрбиеледі, қиын-қыстау кезеңдерден қиналмай өтетіндей етіп шынықтырды.

Өткен тарихқа қарап отырып, біз қазақтың әйгілі балуандарын, ат құлағында ойнаған шабандоздарын, епті жігіттерін, сал-серілерін еске аламыз. Сөйтеміз де, оларды сондай жаужүрек, батыл, шебер етіп тәрбиелеген тұрмыс жағдайлары екеніне көз жеткіземіз. Батыр бабаларымыз – Қажымұқан, Балуан шолақ, Иманжүсіп, Мәди, Демікпе, Әлі Қазыбек, Селі Сүлеймен, басқа түркі халықтарында – Әбдірахман Құрбан, алып палуан Бола Қонық, ат ойынының асқақ шеберлері – Әлібек Қантемір т.б. есімдері әр ұлттың спорт тарихында өшпес із қалдырған.

Спорт пен дене тәрбиесінің негізінде, әлбетте, еңбек жататыны мәлім. Еңбек — тәрбие атаулының қайнар көзі, асыл арнасы. Белгілі бір қимыл әрекеттерді үнемі қайталай берсе — тәжірибе жинақталады, белгілі бір еңбек дағдылары қалыптасады, бұл дағдылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әкеден балаға мұра болып қалады.

Түрлі солақай саясаттың салдарынанКеңестік кезеңде Қазақстанда дәстүрлі ұлт спортына мән берілген жоқ, қазақтың ұлттық ойын түрлері жаңа кеңестік жағдайда дұрыс пайдаланылмады. Тіпті ұлтшылдықпен күрес деген керітартпа идеология ұлттық спортты өмірден ығыстыруға барынша күш салды. Мұндай негізсіз пікірді желеу етушілер спорттың қазіргі түрлерін дамытуға халық спорты бөгет жасайды деп те байбалам салды.

Қоғамның рухани өмірін алға бастыруда дәстүр жалғасының маңызы зор. Ақтық мақсат жан-жақты, жарасымды дамыған ұрпақ қалыптастыру болса, халықтың өткендегі мәдени-рухани мұраларын саралап, заман мүддесіне іске жарату қажеттігі ақиқат. Қазақ елі бастан кешкен сол бір аласапыран уақыт келмеске кеткені кеткен дейік.

Үстіміздегі жылдың 8-13 қыркүйек аралығында «Ұлы дала дүбірі» атты 5-ші Дүниежізілік көшпенділер ойындары (ДКО) өтпек. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары.  Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. ДКО адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық, этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.

Этнограф Ақселеу Сейдімбековтің шығармалар жинағының 6-томында «көшпенділер» мен «көшпелілер» айырмасы айтылады. Ілияс Есенберлиннің кітабы «Көшпенділер» аталса да, онда көшпенді деген сөз қолданылмаған екен. Әдетте, қазақ тілінде «-нды», «-інді» жұрнақтары жағымсыз сөз жасайтын қосымшалар (мәселен, тастанды, шірінді, т.б.). Сондықтан көшпенді емес, көшпелі дегеніміз дұрыс болар еді.

 

Құралбай Меңлібаев, философия ғылымдарының кандидаты, профессор
Елеужан Серімов, заң ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *