Интернет дамыған сайын киберқылмыс көбейіп тұр. Айла-тәсілдері де түрленіп барады. Елден бөлек, жыл сайын аймақтың жүздеген тұрғыны алаяқтардың арбауына шырмалып, миллиондаған теңге ақшасынан айырылып отыр. Бұл интернет алаяқтарын қолға түсіру де оңай емес. Оған арнайы білім, біліктілік пен қырағылық қажет. Қазір Қарағанды облысында арнайы осы киберқылмыспен айналысатын бөлімше жұмыс істейді.
Кибералаяқтар түрлі тәсілге барып жатыр деп айттық жоғарыды. Бір мысал, алаяқ Қарағанды тұрғынына телефон шалып, «банктің қауіпсіздік қызметкерімін» деп сендірген. Оның сөзіне сенген әйел алаяқ айтқан мерзім ішінде шотына 500 мың теңге аударып жіберген. Ал ақшаны қағып алған алаяқ содан кейін хабарсыз кеткен. Мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Тәртіп сақшылары тіпті 15 млн теңгеге дейін аударып жіберіп, шығынға батқандар бар дейді.
Кибералаяқтар жеңіл жолмен ақша табу үшін кез келген схемадан тайынбайды. Мәселен полицейлер қарағандылық зейнеткерден 22 млн теңге алған «жалған банкирлерді» қолға түсірді. Бұл қылмысты Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері алматылық әріптестермен бірлесіп ашты.
Полицейлер Алматы қаласында көрші елдің екі азаматын ұстады. Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, 77 жастағы зейнеткерге қоңырау шалып, «жинақтарын қорғау қажет» деген желеумен бар қаражатын аудартып алған. Ал зейнеткер әуелгіде өзінің алданғанына сенбесе де, кейін полицейлермен әңгімелескеннен кейін ғана ақшасынан айырылғанын түсінген. Күдіктілердің үйін тінту барысында ақша табылды.
Полицейлердің айтуынша, инвестициялық жобаға кіріп, 50 млн теңгеге дейін ақша салып жібергендер де бар. Алайда мұндай оқиғалар верификациялық жүйе енгізілген сәттен бастап азайып келеді.
Кибералаяқтар кез келген бейтаныс шоттардан да ақша аударып ала беруге мүмкіндіктері жетіп отыр. Мәселен полицейлер белгісіз адамдардың шотынан 28,4 млн теңге ұрлаған кибералаяқтарды қолға түсірді. Ел Қылмыстық кодексі бойынша бұл қылмыс «ірі мөлшердегі алаяқтық» деп саналады. Қарағандылық тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Астана қаласында үш адамды ұстады. Олардың екеуі Ақтау қаласының тұрғындары болып шықты. Біреуі Қарағанды облысында тұрған. Жәбірленушіден ұрланған қаражат олардың банктік шоттарына түскен. Қылмыстық топтың жетекшісі – Ақтау тұрғыны. Астанада қашып жүрген жерінен ұсталып, қамалды.
Кибералаяқтар алаяқтықтың басым бөлігін азаматтардың ұялы телефонына қоңырау шалып, хабарласу арқылы жасайды. Мұндайда жалған телефон номерлерін пайдаланатыны белгілі. Осы орайда заңсыз сим-карталарды жоюдың маңызы зор. Сондай-ақ осындай алаяқтық мақсатта пайдаланылған сим-бокстарды анықтау да кибералаяқтықпен күресуге екпін беріп отыр. Жақында Қарағандыда Sim-box құрылғысын заңсыз пайдаланған Ресей азаматы ұсталды. Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Қарағанды облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері ҚР ІІМ өкілдері және облыс прокуратурасының үйлестіруімен Қарағанды қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде 20 жастағы азаматты сим-бокс жабдығын заңсыз пайдаланғаны үшін ұстады. Ол азамат Ресей Федерациясының азаматы болып шықты. Күдіктінің үйін тінту барысында полиция қызметкерлері 128 слотты сим-бокс құрылғысын, екі Wi-Fi роутерін, сигнал күшейткіш және Altel/Tele2 және Activ операторларына тиесілі 1 857 сим-картаны тәркіледі.
Тергеу барысында IT-мамандардың қатысуымен қоңыраулар шалынған абоненттерді және оларға қоңырау шалғандарды анықтау бойынша зерттеу жүргізілді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сим-бокс арқылы Қазақстан аумағында, сондай-ақ Ресей мен Еуропа елдеріне телефон қоңыраулары жасалған.
Аталған факт бойынша «Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе абоненттің сәйкестендіру картасының көшірмесін жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз жасау, пайдалану, тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша күдіктіге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тәртіп сақшылары алаяқтардың түрлі алаяқтық схеманы қолданатынын айтады. Және оларды күн санап түрлендіріп отырғанын атап өтті. Сондықтан полиция қызметкерлері жеке және банк деректерін жарияламауға шақырады. Тағы бір айтары, телефон арқылы ешқашан ақша аударудан аулақ болуға шақырады. Өйткені ешбір банк не полиция қызметкері телефон арқылы ақша талап етпейді және құпия ақпарат жинамайды дейді полицейлер.
Манас АҚСАРЫ