Асқар – өзімізге қадірлі бауырымыздың шыр етіп дүниеге келгенде азан шақырып қойылған аты. Ал, Балапан есімі – екі үйге қуаныш сыйлаған, екі отбасына тел өскен Әбеу ата мен Махфуза әжеміз, Зипатолла ағамыз бен Құралай тәтеміздің көз қуанышы болған ерке баланың аты болатын.
Мен Балапан атты есімді есімді білгелі естіп келдім. Ол біздің отбасымыздың, яғни, Қадаш әулетінің тарихындағы ажырамас бір тармағы, жүрегімізді жылытып, үлкен үмітпен қарап, үкілеп өсірген, ортамызды толтырып жүрген, өлімге қимайтын бауырымыз еді. Өттең, өткен жылдың (2016 ж.) дүлей соққан боранды суық күні оның бұл өмірден өткенін хабарлай келгені болмаса… Осылай біздің арамыздан бір жұлдыз жарқ етіп жанып, қас-қағым сәтте ағып түсті. Десек те, ол осы қысқа ғұмырын мәнді де сәнді өткізгені, өзінің бала Балапаннан Асқар атты биік шыңына жеткен ерекше тұлға ретінде қалыптасқан өмір жолымен ел-жұрттың есінде қалды.
Әрбір адам өзінің талантының, қабілетінің, күш-жігерінің, өзі өмір сүрген ортасының икеміне қарай үлкен-үлкен істер атқарады, сол қоғамнан өз орнын табады. Ол да қыран құс сияқты қанаты талмай жетем деген жеріне ұшып барады. Сондықтан, әр адамның өзі шығатын биігі, ешкім таласа алмайтын асуы болады. Біреулер ол шыңға қиналмай жетеді, ал, біреулер еңбегімен, маңдай терімен жетеді. Соңғысы…
– Әркімде бола бермейтін, шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін шың.
Міне, біздің бауырымыз осы жолмен жүріп өткен еді. Балапанның тағдырымы да, сыры да осында жатыр. Ол Тәуелсіз қазақ елінің бір кірпіші болып қаланды, отбасын құрды, бала сүйді, өзіне жанашыр достарын тапты, туыстарына қадірлі болды.
Балапан туыстарына шынайы махаббатпен қарайтын, бауырларының берік қамалы бола білген, адамға деген қызғанышы мен тәкаппарлығы жоқ, еңсесі биік және қанағатшыл болатын. Сондай-ақ, ол өмірден жастай кеткен аналары Мафуза мен Құралай тәтелерімнің үмітін артқан, жас болса да, бас бола білген бауырымыз еді. Дәл осы сәтте Балапан жайында, оның өткен өмірі туралы естелік жазу мен үшін қиынның қиыны екенін қатты сезіндім.
Дөңгеленген жер бетінде ыстық пен суық, ақ пен қара – мәңгілік нәрсе. Дегенмен, жамандықты алыстататын, бір сәт көңілге жұбаныш беретін, туысынан сабырлы, салиқалы, адамға өмір сыйлайтын ерекше нәзік жандар көп қой. Сондай жанның бірі – Құралай тәтем, Балапанның анасы. Қазақ халқы «алып анадан туады» демей ме? Әлі есімде, өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғы болатын. Сол уақытта мен шамамен 5-6 жаста шығармын. Бір күні әкем марқұм анама таяу арада Зипаш ағамның Құралай деген қызға үйленетінін қуана айтып отырғанын естіп қалдым. Отбасында ерке өскен, айтқан сөзімді жерге тастамайтын, әрқашан мені қолдап-қолпаштап отыратын әкешіме: «Мен де Құралай тәтені көргім келеді, Сіздермен бірге барамын» деп шегелеп айтып қойдым. Сөйтіп, сол күнге де жеттік. Дөңгелек жүзді, күлім көз, орта бойлы әдемі тәтем отбасы табалдырығын аттады. Күні бүгінге дейін есімде қалғаны тәтемнің үстінде қара-сұр юбка-костюм, ақшыл реңді жейде, әдемі түйілген шашы еді. Ол бізді өзінің қанына біткен сабырлылығымен, кеңпейілді жүрегімен, туыстарға деген ерекше мейірімімен баурап алған жан болатын. Балапанның түр-келбеті де, мінезі де анасына тартқан.Ол кезде баламын ғой, тәтем қанша жылдан кейін Балапанды дүниеге әкелгені есімде жоқ, бірақ бір күні «Құралай тәтем босанды, дүниеге ұл келді» деп айнала көршілерден сүйінші сұрағаным дәл бүгінгі күндей есімде қалыпты. Кішкентай қыз болсам да, бір жасқа толып қалған балпанақтай жанары отты, ақшыл сары келген кішкентай Балапанның тостағандай көздерін жан-жағына төңкере қарап, күлімсіреген мейірімді жүзі жай ғана бір отбасының баласы емес, елдің баласы болатынын бала жүрегімде қалып қойған екен.
Сол Балапан өмірде кім еді? Қандай азамат еді? Не тындырды? Артына не қалдырды? Менің бала жүрегім жаңылыстырмапты, шыңдығын айтсақ, ол өзінің елу бес жыл санаулы ғұмырын өзі сүйіп таңдаған мамандығына, елінің өркендеуіне арнаған болатын. Ішіндегі кесек ойын сабырлылығымен кесіп-тіліп сөйлеп, өзіне тиісті жұмысын түбіне жеткізе орындап, «Мен пәленшешімін, мен, мен…» деп мақтанбай, ақырын басып, діттеген жеріне жетуге тырысатын азамат еді.
Алайда, ақыры алып тынбайтын ауыр науқасын айтып, маңайындағыларды мазаламай, біртоға өмір кешкен, шыдамды еді-ау, шіркін! Мүмкін қолын созған асыл арманына жете алмағанына пенде ретінде іштей өкініші де болған шығар, кім білсін?! Ол кімнен кем еді? Ақылы мен білімі, таланты мен еңбекқорлығы жеткілік еді ғой.Адамға тән басты ерекшелік оның қандай қызметте жүрсе де, басына қандай күн туса да, шындығына келсек, жеке тұлғаның шынайы бейнесін сипаттайтын басты өлшем – ұлтын сүюден, еліне адал қызмет етуден, ең бастысы намысшыл болудан тұрса керек.
Ал, біздің бауырымыз Балапан – Еңбек пен Намыс деген киелі ұғымды, Талант пен Білім деген қасиетті нәрсені ерекше бағалаған және сол үшін тер төккен жан. Ол – Ауру мен Дерт дегенді жеңе білген, Күрес пен Сабырлылықты тұмар тұтқан біртуар асыл азамат. Өттең, шіркін, бір кем дүние-ай…. Оның тындырары да, алар асу да алда еді ғой. Дей тұрсақ та, оның өткен өміріне, азамат ретінде өзінің еңбегімен жеткен тұғырына, өмірін мәнді де мазмұнды өткізгені, еліне қадірлі азамат болғанына шүкіршілік айтайық.Қазақ еліне білімге құмар, еңбекқор, елге қадірлі, әдемі қалжыңы өзіне көрік беретін, сабырлы, досқа адал, туыстарына жанашыр жанды берген Нұркен-Қарқаралы-Қарағанды жұртына, тамаша тәрбие берген асыл затты ата-анасына мың алғыс! Киелі Нұркен топырағынан аса таланттар жаратылатыны ешкімге құпия емес екені белгілі. «Жақсы әйел – жанның ғой, әйелі жақсының күтімі де жақсы» деген емес пе халқымыз. Оның достары мен туғандарының айналасына шуақ шашқан жары, біздің аяулы келініміз – Ботаға да мың алғыс! Бауырымыз соңғы 20 жылдың шамасында ауыр науқаспен арпалысып жүргенде жанынан табылған, қас-қабағына қараған Бота сияқты қазақ әйелдері көп болса екен деген ақ тілегіміз бар.Балапанның бұл дүниеден озғанына да жыл толып қалыпты. Адамның маңдайына жазған тағдыры Жұмыр Жер мен Көк Аспан сияқты бірінсіз-бірі жоқ екен. Егер Балапанның сол Жұмыр Жері – туған елі, сүйіп таңдаған мамандығы, атқарған істері болса, ал, Көк Аспаны – көркем мінезі, жанына топтастыра білген достары, қадіріне жеткен туыстары, ата-анасы мен бауырлары, балалары және асыл жары, жарқырап шыққан, асылына айналған қазығы. Бұл екеуі Балапанның осы дүниеде жеткен жетістігі болса керек.
Міне, ағайындар! Бауырымыз бірге өскен, өткен күндерден қалған қимас сәттер енді сағыныш елесіне айналды…
Қарлығаш ҚАДАШҚЫЗЫ,
профессор
