САПАЛЫ ҚҰРЫЛЫС – ҚАУІПСІЗ ӨМІР КЕПІЛІ

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында құрылыс саласына ерекше назар аударылды. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.

Құрылыс – ел экономикасының дамуына серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын маңызды салалардың бірі. Күн сайын бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар мен өндірістік ғимараттар – қоғамның өркендеуінің айқын көрінісі. Алайда кез келген ғимараттың құндылығы оның сыртқы келбетімен ғана емес, ең алдымен, сапасы мен қауіпсіздігі арқылы өлшенеді. Сондықтан сапалы құрылыс – адам өмірінің қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың амандығының кепілі.

Құрылыс саласында әрбір бөлшектің маңызы зор. Ғимараттың берік іргетасы, сапалы құрылыс материалдары, инженерлік жүйелердің дұрыс орнатылуы және құрылыс нормаларының сақталуы нысанның ұзақ жылдар бойы сенімді қызмет етуіне негіз болады. Осы талаптардың бірі орындалмаса, оның салдары адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті құрылыс жұмыстарының әр кезеңінде сапаны бақылау басты назарда болуы тиіс.

Сапалы құрылыстың негізі – білікті маман мен жауапты еңбек. Сәулетші, жобалаушы, дәнекерлеуші, тас қалаушы және басқа да құрылыс мамандарының әрқайсысы ортақ іске өз үлесін қосады. Бірі жобаның дұрыс жасалуына жауап берсе, екіншісі құрылыс материалдарының талапқа сай қолданылуын қамтамасыз етеді. Ал құрылыс алаңындағы жұмысшылар жобада көрсетілген талаптарды дәл орындап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет. Өйткені құрылыс саласындағы ұқыптылық пен кәсібилік – сапалы нәтижеге жеткізетін басты қасиеттер.

Құрылысшы мамандығы – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін абыройлы кәсіп. Құрылысшының қолымен қаланған әрбір кірпіш, орнатылған әрбір құрылым және орындалған әрбір жұмыс болашақ ғимараттың беріктігіне әсер етеді. Сондықтан бұл салада білімді үнемі жетілдіру, еңбек тәртібін сақтау және өз ісіне адал болу ерекше маңызға ие. Білікті маман өз міндетін орындап қана қоймай, атқарған жұмысының қоғам алдындағы жауапкершілігін де сезінеді.

Құрылыс саласына қызығасыз ба? Заманауи ғимараттар тұрғызып, қалалардың көркеюіне үлес қосып, ел болашағын қалыптастырғыңыз келе ме? Бұл салада табысқа жету үшін жауапкершілік, еңбекқорлық, техникалық ойлау қабілеті және үздіксіз білім алуға деген құлшыныс қажет.

Ендеше, құрылыс мамандығы – сіздің арманыңызға бастайтын жарқын жол!  Болашақ құрылысшылар, Сіздерді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне шақырамын!

Карлыгаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ