Қарағанды облысында жаңа жылыту маусымына дайындық жалғасуда. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа Осакаров және Бұқар жырау аудандарындағы жұмыстар туралы баяндалды.
Осакаров ауданының Молодежный кентінде шағын аудандардың бірін жылытатын қазандықтың тозығы жеткен. Ондағы жабдық әбден ескірген. Сондықтан жаңа модульдік қазандық салынады. Бұл кенттегі жылумен жабдықтау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
– «ThermoGazEnergy» ЖШС жеке инвестициялар есебінен модульдік қазандықтың құрылысы басталды. Қазіргі уақытта қазандық жұмыстары аяқталып, қазандықтың астына монолитті плитаға арналған арматура әкелінді. 1 маусымға дейін қазандық пен көмір қоймасының астына монолитті плиталарды құюды аяқтау, сондай-ақ аумақты қоршау жоспарланған, – деді Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.
Оның айтуынша, жабдықты жеткізу мәселесі шешілген. 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымының басында жаңа қазандықты іске қосу үшін жұмыстарды тамыз айында аяқтау жоспарлануда.
Молодежный кентінде де 1,6 км жылу желілері жөнделеді.
Осакаров ауданында барлығы 76 АЖЖ және 5 жергілікті қазандық бар. Әрбір жылу көзі бойынша жұмыс жоспары мен кестесі айқындалған.
АЖЖ-ні мектеп ғимараттарынан шығару жұмыстары жалғасады. Биылғы жоспарда Родниковское, Ақбұлақ, Пионерское және Шұңқыркөл ауылдарында төрт нысан қарастырылған.
Ал Бұқар жырау ауданында Қушоқы кентінің орталық қазандығында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда 8 км-ге жуық орамішілік жылу желілері ауыстырылады.
Жаңа тұтынушылардың қосылуына байланысты жеті модульдік қазандықтың қуаты артады. Мысалы, Ботақара кентінде бұл жұмыстар төрт қазандықта – Әуезов, Бөкейхан, Абылайхан және Бұқар жырау көшелерінде өтеді.
Бұқар жырау ауданында электр желілерінің тозуын азайту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Биыл 265 км жоғары вольтты желілер мен 44 КТП күрделі жөндеу жоспарланған.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық жұмыстарды уақтылы жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.