Ізгілік пен еркіндік жеңіп, халқымыз фашистік езгіден азат болған Жеңістің 81 жылдығы жақындап келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең ауыр да қасіретті кезеңдердің бірі. Сол бір сұрапыл жылдары елін, жерін қорғап, жанын қиған ерлердің өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің қасиетті парызымыз.
Мен Ұлы Отан соғысына қатысқан марқұм Дәуітбек Оспанов атамның шөбересімін. Бүгін сол кісінің өмір жолын мақтанышпен еске алып, ұрпаққа үлгі еткім келеді.
Бұл тағдыр – тек бір әулеттің емес, бүкіл халықтың тарихы. Мен осындай батырдың ұрпағы болғаныма шексіз қуанамын және оны үлкен мақтаныш көремін. Бала кезімнен Дәуітбек атамның өмір жолын үлкендерден, ата-әжемнен, отбасым мен туыстарымнан естіп өстім. Сол әңгімелер менің санама терең сіңіп, жүрегімде ерекше мақтаныш сезімін қалыптастырды.
Атамның жастайынан еңбекке жақын, темір ұстасының ісін жетік меңгерген, ауыл өмірінде өз ісінің нағыз шебері болғанын есту мен үшін әрдайым қызықты еді. Кейін оның сұрапыл соғыс жылдарында Отан қорғауға аттанып, майданның ауыр жолдарынан өткенін, жараланып та, қайта сапқа оралып, ел үшін күрескенін тыңдаған сайын оның ерлігіне таңғаламын.
Менің атам Дәуітбек Оспанұлы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің 5-ауылында, кейін «Кеңестас» колхозы атанған жерде дүниеге келген. Әкесі Оспан темірден түрлі бұйым жасайтын белгілі ұста болған. Қазақтың «Әке көрген оқ жонар» деген сөзі дәл осы әулетке арналғандай. Дәуітбек атам да бала кезінен ұсталық өнерге бейім болып өсті. Әкесінің жанынан қалмай жүріп, темірді қыздыру, илеу, түрлі бұйым жасау өнерін үйреніп, кейін өзі де шебер ұста атанды. Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы Пархоменко атындағы зауытта бастады.
Жаңадан құрылған колхоздарда ұсталардың рөлі ерекше болды. Жер жырту, егін ору, арба-жабдықтарды жөндеу – бәрі де қолөнер шеберінің еңбегіне тікелей байланысты еді. Дәуітбек атам ауылға келген соң да осы істің бел ортасында жүрді. Ол тек ұстаханада отырмай, ат-арбасын жегіп, жұмыс басына өзі барып, бұзылған құралдарды сол жерде жөндеп беретін. Ауыл адамдары оны әрдайым еңбек ортасында, қолынан балғасы түспейтін шебер ретінде еске алатын.
Алайда бейбіт өмірді сұрапыл соғыс үзді. 1941 жылы ел басына күн туып, Дәуітбек атам 1942 жылдың көктемінде, 25 жасында Отан қорғауға аттанды. Қысқа дайындықтан кейін ол Ленинградты қорғаған Балтық флотының 127-полкінің бірінші батальоны құрамында майданға кірді. Соғыс даласы оңай болған жоқ. Бірнеше рет жараланып, госпитальда ем алып, қайтадан сапқа оралды.
Оның жанында капитан Малышев, аға лейтенант Қаржақов, старшина Понамарев сияқты қарулас жолдастары болды. 1944 жылы Польша мен Чехословакияны азат ету шайқастарына да қатысты.
Атам бір әңгімесінде: «Қатты ұрыста ажалға жақын қалған кезім болды. Сол кезде досым Федор құтқарып қалды», – деп жиі айтып отыратын. Польша жеріндегі бір оқиға оның есінде ерекше сақталған. Бір ауылдағы ұстахананы көріп, ішіне жақындаған сәтте жау оғы атылып, оны досы Федор дер кезінде байқап, ажалдан арашалап қалған екен.
Соғыс аяқталған соң атам елге жеңіспен оралды. Омырауында «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы соғыста Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырап тұрды. Елге келген соң ол бейбіт еңбекке қайта араласып, Нұркен атындағы кеңшарда ұсталық кәсібін жалғастырды.
Осы әулеттің жалғасы ретінде менің атам – Оспанов Оразхан да елге еңбек етіп, отбасы тәрбиесін жалғаған абзал жан. Сол кісілердің өнегесі бізге үлкен өмір мектебі болды. Кешкі ас барысында Оразхан атам, Дәуітбек атам туралы бізге осылай деп айтып берді: Соғыстан кейін Дәуітбек атам Сәбила әжеммен отбасын құрып, бала-шағалы болған екен. Еңбегі еленіп, «Тың жерді игергені үшін» медалімен, кейін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ауылдың дамуына үлкен үлес қосты. Ол тек шебер ұста ғана емес, кең пейілді, жомарт жан еді. Келген адамнан ақысын алмай, «Біз бір ауылдың адамымыз, бір-бірімізге көмектесу – парыз» дейтін. Оның жасаған бұйымдары мен көмегі әлі күнге дейін ел есінде.
Соғыста басталған достық та өмір бойы жалғасты. Белорус досы Федормен жазысқан хаттары, кездесулері – нағыз адал достықтың үлгісі болды. Атам әрдайым: «Соғыста табылған достық – ең берік достық» деп отыратын.
«Әкені көріп ұл өсер» дегендей, атамыздың ұрпақтары да өсіп-өніп, елге қызмет етіп келеді. Біз үшін оның өмір жолы – үлкен аманат.
Мен, ол кісінің шөбересі ретінде, осындай ұлы адамның ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Бұл тек мақтаныш емес, бұл – жауапкершілік. Бүгінгі ұрпаққа қалдырған аманаты – елге қызмет ету, еңбекті қадірлеу, бірлік пен адалдықты сақтау.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Дәуітбек атамды еске алу мен үшін үлкен құрмет. Оның ерлігі мен еңбегі – бізге мәңгілік өнеге.
Мейірім Саттарқызы ҚУАНДЫҚ,
Қ.И.Сәтбаев атындағы
Binom Scool мектебінің 11-сынып оқушысы
Астана қаласы
