Ұлттық мереке: бірнеше отбасы баспаналы болды

Республика күні қарсаңында Қарқаралы қаласында жеті отбасы қоныстойын тойлады. Олар апатты деп танылған үйлерінің орнына жаңа пәтерлерге ие болды.

Тұрғындар жаңадан салынған үйлерден пәтерлерді өздері таңдаған. Кейін әкімдік оларды сатып алып, баспанаға мұқтаж отбасыларға берген.

Жаңа пәтерлердің кілтін Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин табыстады.

– Былтырдан бері ауданымызда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап 76 пәтер салынды. Биылдың өзінде 26 отбасын баспанамен қамтыдық. Бүгін үйлері апатты деп танылған тағы жеті отбасыға пәтер кілтін табыстап отырмыз. Тұрғындардың баспана мәселесін шешуге «Отбасы банкпен» жүргізілген келіссөздер мен арнайы комиссияның шешімі мүмкіндік берді, – деді ол.

Жаңа пәтер иелерінің бірі Қанат Мұсатаев отбасының баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін ұзақ күткенін айтты.

– Біз тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрдық. Үйіміз ескі әрі апатты жағдайда еді. Аудан басшылығы жағдайымызды ескеріп, бүгін жаңа пәтердің кілтін алдық. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі Республика күніне орай жасалған тамаша сый. Көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамыз, – деді Қанат Мұсатаев.

Ал Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде 18 отбасы жаңа екі қабатты тұрғын үйден пәтер кілттерін алды. Жаңа қоныс иелері қатарында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар бар.

Баспанаға ие болғандардың арасында жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ толық емес және көпбалалы отбасылар бар.

Барлық пәтердің ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып, орталық инженерлік желілерге қосылған. Бұл тұрғындарға жаңа баспаналарына бірден қоныстанып, тұрмысын жайластыруға мүмкіндік береді.

Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов жаңа қоныс иелерін қуанышты оқиғамен құттықтады.

– Бүгін біз 18 пәтердің кілтін табыстадық. Бұл – тұрғын үй мәселесін шешу және халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру жолындағы маңызды қадам. Әр отбасы үшін баспана — ертеңгі күнге деген сенім, тұрақтылық пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Үйлеріңізден әрдайым тыныштық, татулық пен береке кетпесін, ал балалардың шат күлкісі әр күндеріңізге қуаныш сыйласын! Біз алдағы уақытта да ауданның абаттандырылуы мен дамуына бағытталған жұмыстарды жалғастырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға күш саламыз, – деді аудан әкімі.

Жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі Ақтоғай ауданының тұрғындары үшін маңызды оқиға болып, халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырудағы тағы бір қадамға айналды.