Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Онымен күрес жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
– Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына кері әсер ететін және қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарына нұқсан келтіретін өзекті мәселелердің бірі.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мен оның аумақтық департаменттері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қоғамда адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын орнықтыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Бұл шаралардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін күшейту.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында бірқатар маңызды бағыттар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жасау ерекше орын алады, – дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау белгілі бір мемлекеттік органның немесе нақты бір саланың қызметінде заңбұзушылықтарға жағдай туғызуы ықтимал факторлар мен әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға және тәуекелдерді азайтуға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленеді.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қабылданып жатқан алдын алу шараларының нәтижелілігін бағалауға бағытталған. Оның барысында заңнама талаптарының орындалу деңгейі, мемлекеттік органдардың атқарып жатқан жұмыстары, сондай-ақ, қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарасы мен оны қабылдау деңгейі зерделенеді.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда халық арасында ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңызы зор.
Осы мақсатта қоғам белсенділерінен құралған ақпараттық-түсіндіру топтарының қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге, жастарға және квазимемлекеттік сектор өкілдеріне арналған семинарлар, кездесулер, дәрістер мен түрлі акциялар ұйымдастырылып келеді. Ағымдағы жылдың тоғыз айында мұндай топтардың қатысуымен 170-тен астам шара өткізілді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – қоғамда адалдық құндылықтарын дәріптеу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына назар аудару және азаматтарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіру.
Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру бағытында да маңызды шаралар қолға алынуда. Президенттің мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлығы аясында басқару шешімдерін қабылдау тетіктерін оңтайландыру, қажетсіз құжат айналымын азайту және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті департамент басшысы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тек жекелеген мекемелердің міндеті емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Қоғамда адалдық, заңға құрмет және әділдік құндылықтары берік орныққан жағдайда ғана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға болады.
Қазіргі таңда қоғам мемлекеттік қызметшілерден тек кәсіби біліктілік пен өз міндеттерін сапалы орындауды ғана емес, сонымен қатар жоғары моральдық жауапкершілікті, адалдықты және мінсіз мінез-құлықты талап етеді. Себебі мемлекеттік қызметші – мемлекеттің атынан азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасайтын тұлға. Оның әрбір сөзі мен әрекеті мемлекеттік қызметтің беделіне, ең бастысы, халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер етеді.
Әдеп жөніндегі кеңес – мемлекеттік қызметшілердің тәртібін ғана бақылайтын құрылым емес. Бұл – мемлекеттік қызметтегі әдеп қағидаттарын нығайтуға, қызметтік тәртіпті сақтауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған алқалы орган. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшіні жазалау емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың себептері мен жағдайларын анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу.
Кеңес отырыстарында мемлекеттік органдарда анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері қаралады, Әдеп жөніндегі уәкілдердің және тәртіптік комиссиялардың жұмысына талдау жасалады. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарының сақталуына байланысты мәселелер зерделенеді. Қажет болған жағдайда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзуына қатысты тәртіптік істер де қаралады.
Кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдап, қажетті құжаттар мен материалдарды сұрата алады, тиісті түсініктемелерді қарастырады.
Мұндай кезде әрбір жағдайға жеке көзқарас қажет. Өйткені кез келген тәртіптік теріс қылықтың артында нақты адам, нақты жағдай және нақты себептер тұрады. Сондықтан мәселені тек «кім кінәлі?» деген тұрғыдан қарау жеткіліксіз. «Бұл жағдай не себепті орын алды және оны болашақта қалай болдырмауға болады?» деген сұрақтар назарға алынуы тиіс.
Әдеп жөніндегі кеңес – жазалаушы орган емес, кеңестің басты күші – жан-жақты талдауда, объективті бағалауда және алдын алу сипатындағы ұсынымдарда, – дейді Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің тұрақты комиссиясының төрағасы Руслан Танишбеков.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
