Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Күміс университет» бағдарламасы аясында 2026 жылдың 21 қыркүйегінен 14 қазан аралығында 50 жастан асқан аға буын өкілдеріне «Қазақ тілі» (Ауызекі қарым-қатынас жасау үшін) курсы өтті. Ұйымдастырылған оқу курсы қатысушылардың мемлекеттік тілді күнделікті өмірде еркін қолдануына мүмкіндік береді.
Курстың негізгі мақсаты – тіл үйренушілердің қазақ тілін әлеуметтік-мәдени, саяси, кәсіби және ғылыми коммуникация салаларында қолдану бойынша тілдік құзыреттерін қалыптастыру. Осы мақсатқа сәйкес сабақтар барысында тіл үйренушілерге ауызекі сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, сөздік қорын молайтуға және қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізу қабілетін дамытуға басымдық берілді.
Курсқа қатысқан аға буын өкілдері қазақ тілін үйренуге үлкен қызығушылық танытып, сабақтарға белсенді қатысты. Оқу барысында күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері меңгеріліп, түрлі тақырыптар бойынша диалогтар құрылды. Тыңдаушылар өзара сөйлесу, сұрақ қою және жауап беру арқылы қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасауға машықтанды.
Тіл үйрену – тек жаңа сөздерді жаттап, грамматикалық ережелерді меңгеру ғана емес. Бұл – халықтың мәдениеті мен тарихына, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарына жақындай түсу. Сондықтан курс барысында тілдік материалдармен қатар, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері мен мәдениеті туралы мағлұматтарға да көңіл бөлінді.
«Күміс университет» бағдарламасының ерекшелігі – аға буын өкілдеріне білімін толықтыруға, жаңа дағдыларды меңгеруге және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беруінде. Жас ұлғайған сайын білім алуға деген қызығушылықтың бәсеңдемей, керісінше арта түсуі – өмір бойы білім алудың маңызын көрсетеді.
Қазақ тілін үйренуге ниет білдірген 50 жастан асқан азаматтардың белсенділігі де көңіл қуантты. Олар сабақ барысында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңа сөздерді күнделікті өмірде қолдануға тырысты. Мұндай талпыныс – мемлекеттік тілге деген құрметтің айқын көрінісі.
Бүгінде тіл үйренуге мүмкіндік көп болғанымен, ең маңыздысы – адамның өз ниеті мен ынтасы. Осы тұрғыдан алғанда, аға буын өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген ұмтылысы кейінгі ұрпаққа да үлгі болары сөзсіз.
Мемлекеттік тілді білу – қоғаммен еркін араласуға, мәдени ортаға жақындауға және кәсіби коммуникация мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Ал қазақ тілін әр жаста меңгеруге ұмтылу – ел бірлігі мен рухани тұтастықты нығайтуға қосылған маңызды үлес.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіндегі «Күміс университет» бағдарламасы аясындағы бұл курс аға буын өкілдерінің білім алуға деген құштарлығын тағы бір мәрте көрсетті.
Қарлығаш ХАМЗИНА,
Қарлығаш НҰРЖАНОВА
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ
