Қасым Аманжолов шығармашылығы – қазақ тілі сабағында

Қазақ әдебиетінің төрінен орын алған көрнекті ақындардың бірі – Қасым Аманжолов. 1911 жылы дүниеге келген ақын қазақ поэзиясының дамуына елеулі үлес қосып, артына мол әдеби мұра қалдырды. Оның шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет, азаматтық рух пен адамдық қасиет айқын көрінеді.

Қасым Аманжоловтың поэзиясы – қазақ сөзінің қуаты мен көркемдігін танытатын құнды мұра. Ақын өлеңдерінде ұлттық дүниетаным, елдік сана, Отанға деген махаббат секілді маңызды ұғымдар кеңінен көрініс табады. Оның әрбір шығармасынан қазақ тілінің байлығы мен бейнелілігін аңғаруға болады.

Ақынның «Өзім туралы», «Қазақстан», «Орал», «Сен фашиссің!» сияқты шығармалары қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар туындылар. Бұл өлеңдер оқырманға көркем ой мен терең сезім сыйлап қана қоймай, қазақ тілінің сөздік қорын, көркемдік құралдарын танып-білуге мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, Қасым Аманжолов шығармаларын қазақ тілі сабақтарында тиімді пайдаланудың маңызы зор. Көркем мәтін арқылы студенттерді тілдің грамматикалық құрылымын ғана емес, сөздердің мағынасын, сөйлемдегі қолданысын және сөз тіркестерінің жасалу ерекшеліктерін де меңгереді.

Мәселен, ақын өлеңдеріндегі «Отан», «туған жер», «ел», «халық», «ерлік», «арман», «достық» сияқты сөздер студенттердің сөздік қорын байытуға мүмкіндік береді. Осы сөздерге мағыналас және қарама-қарсы сөздер табу, оларды қатыстырып сөйлем құрау, мәтіннен сын есімдерді, етістіктерді немесе тұрақты тіркестерді анықтау арқылы тілдік тапсырмаларды түрлендіруге болады.

Қасым поэзиясы студенттің сөйлеу дағдысын дамытуға да қолайлы. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелесу, өлеңнің мазмұнын өз сөзімен баяндау, шығармадағы негізгі ойды анықтау, өз пікірін білдіру сияқты тапсырмалар оқушыларды қазақ тілінде еркін сөйлеуге жетелейді.

Әдеби шығарманы тілдік материал ретінде пайдалану арқылы студент сөзді жеке жаттап қана қоймай, оның сөйлем ішінде қалай қолданылатынын түсінеді. Бұл – тіл үйретудің тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар көркем мәтін арқылы оқушы қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, ұлттық құндылықтары туралы да білім алады.

Қасым Аманжоловтың шығармашылығын оқыту барысында ақынның өмір жолына да назар аударған жөн. Ақынның балалық шағы, шығармашылық жолы, әдебиетке қосқан үлесі туралы мәліметтерді пайдалана отырып, студенттерге мәтінмен жұмыс, мазмұндау, сұрақ-жауап, пікірталас сияқты тапсырмалар беруге болады.

Қасымның «Өзім туралы» өлеңі арқылы студент ақынның ішкі жан дүниесін танумен қатар, өзіндік пікірін білдіруге үйренеді. «Менің арманым», «Менің туған жерім», «Отан дегеніміз не?» сияқты тақырыптарда шағын әңгіме немесе эссе жазу оқушының жазылым дағдысын қалыптастырады.

Қазақ тілін үйрету – тек ережелерді меңгертумен шектелмейді. Тіл – ұлттың мәдениеті мен рухани дүниесін танытатын үлкен құндылық. Сондықтан қазақ тілін әдеби шығармалармен байланыстыра оқыту студенттің пәнге деген қызығушылығын арттырып, тілдің көркемдік мүмкіндігін сезінуге жол ашады.

Қасым Аманжоловтың шығармашылығы – осындай сабақтарға мазмұн беретін бай рухани мұра. Ақынның сырлы жырлары арқылы студент қазақ тілінің көркемдігін танып, сөздің қадірін түсінеді, өз ойын әдеби тілмен жеткізуге дағдыланады.

Қасым Аманжолов – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ғана емес, қазақ сөзінің қуатын танытқан ақын. Оның шығармаларын қазақ тілі сабақтарында оқыту – әдеби мұраны насихаттаудың, тіл байлығын арттырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тиімді жолы.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ