Баланың бойындағы өнерге деген құштарлықты оятып, талабын шыңдау – рухани тәрбиенің маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, ән өнеріне бейім жас өрендердің қабілетін ашып, сахна мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін шығармашылық байқаулардың маңызы зор.
Осы мақсатта Ақадыр кентінің Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының қызметкерлері балалардың вокалдық қабілетін дамыту, эстрадалық және халықтық ән өнерін насихаттау, жас таланттардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру бағытында «Әнші балапан – 2026» балалар вокалдық ән байқауын ұйымдастырып өткізді.
Ән додасына 5-7 және 8-11 жас аралығындағы бүлдіршіндер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Кішкентай әншілер сахнада ән орындау шеберліктерін, дауыс мүмкіндіктерін және орындаушылық қабілеттерін танытып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әр қатысушының өнер көрсетуі – үлкен сахнаға бастар алғашқы қадам, шығармашылық ізденіс пен талпыныстың көрінісі.
Байқау барысында жас өнерпаздар өздерінің музыкалық қабілеттерімен ерекшеленіп, көрермен ықыласына бөленді. Сахнаға шыққан әрбір бала үшін бұл дода тәжірибе жинақтап, өзіне деген сенімділігін арттыруға, өнердегі жаңа белестерге ұмтылуға жол ашатыны анық.
Байқау қорытындысы бойынша 5-7 жас санатында Рахметолла Айлин бірінші орынды иеленді. Ал 8-11 жас санатында бас жүлде Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының эстрадалық вокал бөлімінің оқушысы Нұржанқызы Хафсаға бұйырды. Жастар вокал студиясының оқушысы Ағысбай Айханша бірінші орынды жеңіп алса, Мұратбек Мағжан екінші орынға ие болды. Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Даниярқызы Ақбота үшінші орынды қанжығасына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жетістігі – олардың таланты мен ізденісінің, сондай-ақ өнерге баулып жүрген ұстаздарының еңбегінің жемісі. Жас әншілердің әрбір жетістігі олардың шығармашылық жолына жігер қосып, болашақтағы үлкен жеңістеріне негіз болары сөзсіз.
Мұндай байқаулардың басты құндылығы – тек жеңімпаздарды анықтау ғана емес, балалардың бойындағы өнерге деген ынтаны қолдау, олардың қабілетін шыңдау және мәдени ортаға деген қызығушылығын арттыру. Ән арқылы бала жүрегіне ізгілік ұялап, әсемдікке деген талғамы қалыптасады. Ал сахнада жинаған тәжірибесі олардың еркін ойлап, көпшілік алдында өз өнерін көрсетуіне ықпал етеді.
Жас әншілердің қадамына сәттілік, өнер жолына шабыт тілейміз! Бүлдіршіндердің әсем әні асқақтап, таланттары түлеп, жұлдыздары жарқырай берсін! Бүгінгі «Әнші балапанның» ертең ел мақтанышына айналар өнер иесі болуына тілектеспіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
