«Магнитка шамдары – 2026»

Теміртауда дзюдодан JENYS CUP «Магнитка шамдары – 2026» атты 25-ші халықаралық турнир басталды. Биыл мерейтойлық жарыс Қазақстан Республикасының күні мен Халықаралық дзюдо күніне орай ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген жас балуандар өзара мықтыны анықтайды.

Тарихы өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастау алатын турнир бүгінде Теміртудың дәстүрлі спорттық додаларының біріне айналған. Осы уақыт ішінде талай жас балуанның үлкен спортқа жол ашуына себеп болды. Біраз уақыт үзілістен кейін жарыс 2001 жылы қалалық дзюдо федерациясының басшысы Амантай Айдархановтың бастамасымен қайта қолға алынды.

– Біз балалар үшін дзюдоның нағыз мерекесін ұйымдастырып отырмыз. Бірақ біз үшін ең маңыздысы – медаль мен нәтиже ғана емес. Турнирдің ең үлкен жетістігі — жарыстан кейін ұл-қыздардың спорт секцияларына келіп, дзюдомен айналысуға ықылас танытуы. Олар белдесулерді көріп, қызығушылық танытады да, өздері де осы спорт түрінде бағын сынап көргісі келеді. Жаңа спортшылар буыны осылай қалыптасады, – деді облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті Алексей Ломакин.

Жарыс 25 қазанға дейін жалғасады.

Ұлдар мен қыздар 16 салмақ дәрежесі бойынша белдеседі. Бағдарламаға жеке және командалық біріншіліктер, Қазақстанның танымал дзюдошылары қатысатын халықаралық оқу-жаттығу лагері, сондай-ақ ең кішкентай спортшыларға арналған «Judo Game» сайысы енгізілген.

Биыл жарыстың жүлде қоры да ұлғайтылды. Жеке біріншілікте жеңіске жеткен спортшыға 100 мың теңге беріледі. Командалық есепте бірінші орын алғандарға — 1 миллион теңге, екінші орын иелеріне — 700 мың теңге, ал үшінші орынға ие болған командаға 500 мың теңге табысталады. Бұған қоса, турнирде нәтижелерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілді.

Өмір БАЙБОСЫН