ШЕЖІРЕЛІ КӨШЕЛЕРІҢ КӨБЕЙСІН, МЕРЕЙЛІ МЕКЕНІМ!

Көзге де, құлаққа да үйреншікті мекенжайдың, даңғылдың аталымын жаңаша ресімдегенмен, оның жамағат үшін дағдылы көрініске айналуына уақыт керегі түсінікті. Соның бірі, мәселен, үлкен қаладағы кейбір көшелер атауларын «заманы өткен» деп, «кезінде тиісті маңыз берілмеген» деп, иә болмаса, «осынау тұлға есімі тірліктегі ісіне лайық аталсын» деп өзгерту процесі активист-белсенділер тобын көпұлтты публикамен танымдық-ағартушылық шарттарын салиқалы сабырмен орындауға міндеттейді.

Үздік-создықпен болса да, ескі ХХ ғасыр соңы, жаңа ХХІ ғасыр тоғысындағы түрлі мерзімдерде «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» 1993 жылғы ҚР Заңының 13-бап 4-тармағына сәйкес Қарағанды облысы әділет органдарының қаулысымен, Қарағанды қаласы әкімдігі және Мәслихаты шешімдерімен «облыстық орталық» статусты қаламыз Қарағандыда көше атауларын өзгертудің, жаңадан түзілген даңғылға атау берудің қырыққа жуық фактісі көрініс тапқан екен. Тәуелсіздік таңы атысымен қаланың ежелгі Совет көшесі «Бұқар жырау даңғылы» деп аталып, бұрынғы қалатком алдындағы Ленин-көсем ескерткішінің орнына Көмекей-әулиеміздің тұлғасын сомдаған ескерткіш орнады, қалалық ауданның өзі «Қаздауысты Қазыбек би атындағы аудан» атанды. Көмірлі қаламыз атағын «қара алтынымен» шығарған Қарағандының алғашқы көмір кеніштері Майқұдықта өнім бергендігі үшін болар, қаланың «Октябрь ауданы» атанған бұл майлы пұшпағының шапшаң етек жайып-өскені ардагер-үлкендердің жадында, ал қазір заманауи сәулет салтымен түрленуші дәл осы аудан Әлихан Бөкейхан есімін алған.

Сөйтіп міне, айдай әлемге «қонақжай, кеңпейіл» атанған мейлінше толерантты Қазақ қоғамының «ортажүздік» өкілдері де өз ұлтымыздың асылдарын бағалау, күні кеше ғана жалғаннан өте-барған қажырлы қарағандылықтар есімін қадірлеу мақсатымен көшелер атауын жаңартуды 90-жылдар соңында бастап кетіппіз. Тарихи ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Кеңестік өкіметіміздің саяси көсемдер атын Одақтың әр қаласының бас көшесіне беру нұсқауымен Қарағандыда сақталған атауларды Ұлттық азаттығымыз бастауында тұрған Алаш көсемі Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ,  Дала данышпаны АБАЙДЫҢ, Алаш идеясы жолындағы іс-әрекеті үшін айыпталып, сан мәрте түрмеге түсе жүріп, ғылыммен айналысқан қазақтың тұңғыш математика профессоры Әлімхан ЕРМЕКОВТЫҢ есімдерімен алмастырғанымызда, атамыз бен әкеміз алдындағы перзенттік парызымыз өтелгендей мерейленгеніміз бар.

Атаулар жаңартудың бірпарасы кейінгі 20-шақты жылдың үлесіне тиеді: қаланың ең ежелгі «Приканальная» бойының сары алтындай салмақты «САРЫАРҚА» көшесі деп қайта аталғаны қалың Арқа жамағатының көңілін өсірді. Жас ұландай жайнап өскен облыстық қаламыз микроаудандарының өзі бір-бір қалаға айналып барады, Гүлдер-2 шағынауданының күншығысқа қарай қанат жайған жаңа көшесіне Арқадан шыққан ұлы композитор ТӘТТІМБЕТ аты берілгенде, қуанбаған кісі жоқ! Бұрындары әлдекімнің айтуымен тіркеле берген (Олимпийская, Зональная, Ремонтная, т.с. сияқты) өңсіз-түссіз көшелер кезінде елге тік тұра қызмет қылған, ерлігі ұрпаққа өнеге болған тұлғалар есімдерін алды. Бүгінде Оңтүстік-Шығыс микроауданында ҰОС-да шәйіт болған Кеңес Одағының Батыры Қазыбек НҰРЖАНОВ атындағы, ҰОС жылдары фашизмге аяусыз соққы беру үшін «Қарағанды кеншілері» танк колоннасын құру қорына жеке жинағын түгел аударып берген әйгілі кенші-парторг Әукебай КЕНЖИН атындағы, қарағандылықтардың ҰОС кезіндегі ерлік еңбегі туралы роман, хикаяттар қалдырған жазушы Әлжаппар ӘБІШЕВ атындағы, Қазақстанның  Халық артисі Александр ЗАТАЕВИЧ атындағы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Зәйкен ІҢКӘРБАЕВ атындағы көшелер бар.

Қазақстанның  Халық артисі Александр ЗАТАЕВИЧ

Төрт түлік малы мен атамекенін дұшпаннан қорғау үшін найзасы мен тұлпарын сайлап ұстап, кең даланы әнімен тербеген Қазақ халқының кең тынысты, күрделі иірімді әндеріне, еуропалық сахна көрмеген Дала әншілеріндегі опера әртісіне тән мөлдір-таза дауысқа, аспандай биік, теңіздей терең диапазонға тәнтіленген Александр Затаевичтің Қазақстанға тап болуы 1924-1929 ж.ж. Қазақ АКР Халком төрағасы болған Н. Нұрмақовпен тікелей байланысты: кезінде Омбы семинариясында бірге оқыған, бірге күрес жолына түскен Сәкен Сейфуллинмен Қазақ Автономиялы Республикасын жариялау жиынына 1920 жылы Орынборға келген жолы ақынжанды Сәкеннің: «халқымыздың музыкалық мұрасын біз де нотаға түсіріп-сақтауымыз керек-ақ!.. Ұлты поляк Затаевич деген этнофольклорист музыкант бар, сол сирек дарын иесін елге алдырсақ, шіркін!..» деген арманын ойында ұстап, Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметіне келісімен, ол атақты маманды Қазақстанға арнайы қызметке шақырады. Бұл Затаевич А.В. (1989-1936) орыстың Орёл әскери-гимназиясы музыка бөлімінде оқыған кезден-ақ түрліұлттар музыкасын жинап-саралауға бейім дарынымен ұлы композитор С.Рахманиновтың назарына түсіп, 1906-1915 жылдары орыс, украин, поляк, болгар әуен-саздарын ноталап-жіктеген әйгілі музыка сыншысы, профессионал этнофольклорист ретінде танылған сирек маман болатын.

Көңілі кеткен ісін қиындық-кедергіге қарамастан тиянақтай білетін сол Александр Затаевич Арқадан бастап, ұшы-қиырсыз даланың талантты әншісі мен күйшісі тұратын алыс ауылдарына ат-көлікпен әупірімдеп жетіп, сол әншінің немесе сол күйшінің отбасымен бірге күн кешіп жүріп, орындаушының аузынан шыққан әннің әр мақамын, саздың әр иірімін, күйші саусағының жоғары-төмен қағысынан туған әр дыбыстың жоғары-төмен, ұзақ-шолақ, қатқыл-баяу нюанс-өлшемдерін дәптеріндегі бес сызық бойына нотамен айна-қатесіз қондырғанша бейнеттеніп, тыным көрмейді. Жанның жәннатта болғыр ұлы поляктың тірнектеген еңбегінің арқасында ноталық сауаты болмаған қазақ еліндегі феномен-авторлардың әндері, қобыз, домбыра, сыбызғылық саз-әуендері ноталанып қағазға түсіп, ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ ұлттық өнері қайраткерлерінің қолына тиді.  Александр Затаевич – ондаған  жылдың ішінде 1000 қазақ әнін, 500 аспаптық шығарманы нотасымен, ән мен күй орындаушысының аты-жөндік мағлұматымен қағазға түсіріп, бүтін бір Қазақ халқының музыкалық антологиясын құрастырып шыққан адам! Оның арқасында Халық-әуендерімен қатар, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сейтек, Әшімтайдың күйлері, Абайдың, Біржанның, Мәдидің, Айтбайдың, Ақанның, Мұхиттың т.б. шығармагерлік мұрасы ноталанды. Затаевичтің мейлінше жемісті ғылыми еңбегі өзі өмірден озғаннан кейін де әлемдік даңқы бар ғалым-зерттеушілер тарапынан жоғары баға алумен келеді. Оның композиторлығымен «Қазақ аспаптық пьесалары мен әуендері», «Қазақстандық татарлар әндері», «Қазақстандық қырғыздар музыкасы», «Фортепианоға арналған қазақ миниатюрасы», т.с.с. көптегенноталы жинақтары болашақ музыканттар, әншілер тәрбиелеуге қолданылады.

«Музыкант ұлт таңдамайды. Қандай да ұлттың жаны мен мінезін, көксеген арманын оның ұлттық музыкасынан ұғамын» дейтін  Александр ЗАТАЕВИЧ есімі мен еңбегі Қазақ халқы үшін аса қымбат.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Зәйкен ІҢКӘРБАЕВ…

ХХ ғасыр 20-жылы РКФСР құрамындағы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (ҚазАКСР) уақытында әкімшілік-аумақтық бөлініспен Қарқаралы-Қу атырабы Семей губерниясы, Қарқаралы уезіне қарады да, биыл 90 жасқа толған Қарағандымыздың ең жаңа көшесіне аты берілген Зәйкен ІҢКӘРБАЕВ (1928-1994) Семей облысы Қу ауданы Ақтасты ауыл кеңесінде туып, Арқалықтағы жеті жылдық мектептен соң 1946 жылы Қарқаралы қаласында онжылдық мектеп бітіреді. Бұл кезде таскөмірдің мол қоры табылған Қарағанды көмір бассейнін игеру, тау-кен өндірісін өрге бастыру ісі ХХ ғасырдың 20-жылында-ақ одақтық Орталықтың жарлығымен қауырт басталып, «қара алтынның» арқасында Орталық Қазақстанда Қарағанды атты қала бой көтеріп, 1934 жылдың ақпан айында «Қарағанды қаласы» статусын алады, екі жылдан соң 1936 жылы  күллі аудан, кент, ауылдарды көтеруге қауқарлы «Қарағанды облысы» құрылып, Шығыстағы Семейден ірге  бөлініп шыққан облыс тез қанат жайып, ғылым мен мәдениет-өнер қатар дамиды. Қарағанды, Жезқазғанның атағы дүрілдеген 1946 жылы ауыл баласы Зәйкен тау-кен өндірісінің жұлдызы, Қазақ ҒА академигі Қаныш Сәтбаевтың қол-қанаты болу арманымен Қарағанды тау-кен техникумына түседі, одан соң Алматы мемлекеттік кен-металлургия институтын бітіреді. Еңбек жолын «Қарағандыкөмір» комбинаты №18 кеніште бастап, цех бастығы, бас инженердің көмекшісі болып жүргенінде, одақтық Орталықтың тау-кен мамандарынан партиялық кадрлар дайындау саясатымен СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде оқиды, іле Қарағанды бассейні көмір өндірісіне, кен-байыту өнеркәсібіне партиялық басшылыққа жіберілді: 1964-1973 ж.ж. ҚКП Саран қалалық партком хатшысы, Абай қаласының атком төрағасы болып жауапты жұмыстар атқарады.1973-1977 ж.ж. ҚКП Қарқаралы аупарткомының бірінші хатшылығына Зәйкен Іңкәрбайұлын жіберудегі Қазақстан үкіметінің мақсаты – қазақтың тарихи қаласын көтеру болатын. Іскер де білімді хатшы шахталардың таза пайдасы есебінен Қарқаралының бейнесін жақсартуға, ежелгі сәулет үлгілерін сақтауға үлкен көңіл бөлді, Қарағайлы кен-байыту комбинаты арқылы асфальт-бетон зауытын салғызып, қала орталығына асфальт төсетті. Ірі қалалардың сән-салтанатын көрген интеллектуал-басшы Қоянды жәрмеңкесінде кіл өнерпазды жинаған өнер ізімен «Салтанат» халықтық ән-би ансамблін өсіріп шығарды: Алматы мен Қарағандыдан шақырылған атақты мамандар ұзақ тер төккен «Салтанатты» Франция мемлекетінде өткен өнер фестиваліне өзі бастап апарды.1977-1982 ж.ж. облыстық Жоспарлау комиссиясының басшысы, 1982-1988 ж.ж. Қарағанды облатком төрағасы болған жылдары Зәйкен Іңкәрбаев ауыр индустрияны өркендетуге, шахталарды реконструкциялауға еңбек сіңірді, тау-кен ісінің келешегі мен проблемаларына монографиялық еңбегін арнады. Көмірлі Саран, Абай қалаларын, шахталары оның кезінде кеншідер өмірін сақтауға, кеніштерді озық технологиямен жарақтауға зор жауапкершілікпен қарады. З. Іңкәрбаев КОКП ХХУІІ съезіне қатысты, Екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Келешекте қаламыздың сәулетті даңғылдарының біріне айналатын З. Іңкәрбаев көшесінде еліміз тәуелсіздігін алған 30 жылдың бастапқы кезеңінде бой көтерген құрылыс материалдарын сататын «Строймарт» супермаркеті, Қарқаралының тумасы, исламшы-ғалым Ақжан Машанұлы есімін алған №1 Әл-Машани қалалық мешіті тұр. Кейінгі жылдары мұнда жаңа сәулет үлгісімен тоғыз қабатты, он екі қабатты, жиырма қабатты бірнеше зәулім тұрғын үйлер қаланды. Алыстан аққаладай көз тартатын «Мұз сарайы», көгілдір әйнектерінде күн сәулесі ойнайтын, сам жамырай электр шұғыласы нұр шашатын «Теннис орталығы» тұрғызылған. Қарсы қапталда бүтін бір махаллаға созылып, ұлттық үлгідегі Шығыс мейрамханасы және сол шатыр астында интерьері, аспаздығы, қызмет әдебі Батыс еуропа сәнімен құрылған Ағылшын залы мен Француз залы бар: төбе-жамылғысы ежелгі грекия сәулетті үшқатар кенеремен кемерленген, ақ-шағыл түстес «Arista» рестораны анадайдан көз тартады. Көше бойлап халыққа қызмет көрсететін өзге де кәсіпкерлік кешендер, сырт пошымы бірін-бірі қайталамайтын жекежайлар жалғасып жатыр. З. ІҢКӘРБАЕВ көшесін перпендикуляр кесіп өтетін көшелер ішіндегі ең ұзағы – қос қапталы үйеңкі, терек, қарағашпен, декоратив бұталармен көмкерілген, қазақтың классик-жазушысы Сәбит Мұқанов атындағы  көше.

Тиісті уәкілетті органдардың шешімімен Қарағандының екі көшесіне соңғы жылы есімі берілген бірегей екі тұлға туралы ардагерлік әңгімеміз өзге да авторларға өнеге болып, туған қаламыз шежіресін жалғастырсақ, нұр үстіне нұр! Илләһим, іргеміз бүтін, халқымыз аман болғай.

Назипа АСҚАР,

ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері,

облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *