Жұбатшы, мені! Алдашы! Дүниенің бәрі махаббаттан, адалдықтан тұрады деші! «Әдебиет табанға дейін түсіп кетті» деген өтірік сөз деп жар салшы! Оқырман өлген жоқ деп арқамнан қақшы! Бәрі керемет деші, айналайын дүние! Олай емес екенін біле тұра, өтірік болса да алданып жүрейін. Онсызда бір-бірімізді алдап жүрміз ғой. «Сен керемет ақынсың», «Құбылыссың», «Қазақ әдебиетінде жоқ дүниені әкелдің». Алданыш, әйтеуір. Бәрі өтірік. Керемет дүние деп жүргендерінің арты ашылып жатыр. Ғаламтордағының барлығы шындық емес. Соған көзім жетті.
Қысқаметражды кино һәм мультфильмдерді көргенді жақсы көремін. Уақыттың таршылық кезінде таптырмас дүние. Сондай дүниелерді қарап отырып, бір қызыққа кезіктім…
БҰДАН ҮШ КҮН БҰРЫН
Бұл оқиғадан үш күн бұрын өткен оқиғаны айтып берейін. Әдеби орта «Қазақ әдебиетіне керемет ақын келді» деп шулаған-тын. Шынымен керемет еді. Өлеңдері тамаша. Рас, айтам. Әлгі ақын әдеби ортада екі-үш жылдай жүрді-ау деймін. Сол екі-үш күн бұрын керемет ақынның бетпердесі шешілді. Ол былай болды: Ж.А. деген ақынмен сөйлесіп жүретінбіз. Бір өлеңін оқып берген еді. Дәл сол өлеңді әлгі біздің керемет ақынның аузынан естідім. Ал, керек болса. Бірінші күдік, Ж.А-ға түсті. «Өй, ұрлықшы» дедік бір ауыздан. Боқтап тастадық. Бірақ, бекер боқтаған екенбіз. Ж.А. өзінің өлеңі екендігін толық дәлелдеп шықты. Енді, күдік біздің керемет ақынға түсті. Басқа өлеңдерін іздей бастадық. Іздеу нәтижесінде, С. қаласының, А. қаласының т.б. қалалардың ақындарының өлеңдері екендігі анықталды. Баяғыда жазылған өлеңдер екен. Керемет ақын деп жүргеніміз керемет ұрлықшы болып шықты. Өзі де мойындады. Ондай да бар екен-ау деп таң қалдық. «Таң қалмай жүр екенсің, мұндай «керемет адамдар» жетерлік» деп міне, араға үш күн салып тағы да көзімді жеткізді. Кім кімді ұрлады дейсіз бе?
ОЛ КІМ?
«Біздің психиатриялық аурухана қаланың батыс жағында, ернеуіне тас қалаған шағын өзеннің жиегінде болатын. Аурухана ескі еді. Сылақтары түсіп қалған алабажақ кірпіш дуалының төбесінде әбден тат басып, шіруге айналған қаңылтыр шатыры бар. Маңайда машина жүретін көше болмағандықтан, төңірек ертелі-кеш құлаққа ұрғандай тып-тыныш болып тұрады. Көктем кезінде өзеннің сарқыраған дыбысын терезені ашып тастап, түнімен естіп шығасың. Тау жақтан жел соққанда арғы беттегі бақшадан жемістердің қышқылтым иісі мұрынға келеді. Жаз шыға бала-шағаларымен күнге қыздырынуға келген қала халқы жағаға сыймай кетеді. Жалпы аурухана, үйінің ескілігі болмаса, тұрған жері психика дертіне шалдыққандар үшін таптырмайтын орын. Сенбі күндері аулада туған-туысқандарымен бірге қыдырып жүрген ауруларға ашық терезеден жалықпастан қарап отыр едім. Олардың науқастан азап шеккен жадау жүздері, былайғы жұртқа қорқынышты болып көрінетін оғаш қылықтары, сөйлеген сөздері жаныма соншалықты ыстық. Мен оларды жанымдай жақсы көремен. Иә, иә, жақсы көремін».
Таныс па? Иә, бұл жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» атты шығармасы. Алма атты психикалық дертке ұшыраған қыздың өмірі туралы. «Бұл менің қолым емес» дейді Алма. Оң қолы – жауы. Адамның екіге бөлінуі сөз етіледі бұл шығармада. Дәрігер жігіт: «Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. Енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі – қыз өлуге тиісті. Әлгі ниет қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді» дейді. Бар мәселе сонда ма? Дәрігер мен Алма шартты түрде алынған образ. Қоғамды біртұтас Адам деп алайық. Демек сол қоғам өз-өзіне ұмтылып, өз-өзімен күресіп, ақыр соңында өз-өзің буындырып өлтіреді. Басты идея осында. Жазушы психикалық ауруға ұшыраған Алма арқылы осыны жеткізгісі келеді.
ҮШ КҮННЕН КЕЙІН
Енді үш күннен кейінгі оқиғаға көшсек. Қысқаметражды фильмдерді көргенді жақсы көретіндігімді айттым. Француздардың «Loutre/Выдра/Кәмшат» (https://www.youtube.com/watch?v=to7CniuUYk0) атты мультфильмін көріп отырмын. 2008 жылы жарық көрген екен. Нақты қай жерде, қандай адам, қай жылы, не үшін отыр? Ол туралы ештеңе айтпайды. Жалғыз адамға арналған камера болуы керек. Немесе жындыхана. Төбесі – темір тор. Әлгі адам өз санасында табиғат аясында жүреді. Маңайының бәрі – жап-жасыл. Бір кезде талдың қасында жатқан шұлықты көреді де, оң қолына киеді. Шұлық бір жануарға айналып кетеді. Мультфильмнің аты «Кәмшат» болғаннан соң, кәмшат (аңның аты) екен деп пайымдадық. Кәмшат ұшып жүрген көбелектерге тамсанып, олармен ойнайды. Бір сәтте шұлық-кәмшат қаһарына мініп айбат шеге бастайды. Әлгі адам оң қолына яғни шұлық-кәмшатқа ие бола алмай қалады. Ағашқа қарай өрмелейді. Сол қолымен тартқылап, тыныштандырмақ болса да, көнбейді. Жан-жағын жайпап болғаннан соң, өзіне шабады. Буындыра бастайды. Тура «Оң қолдағыдай». Алма ақыры сол оң қолдан өледі ғой. Мындада дәл солай. Оң қолы буындырып өлтіреді. Идея сол. Ситуация сол. Кім-кімнен ұрлады сонда? Қазақ жазушысының шығармасын қазақ емес, француздар ұрлап отыр ма? Әлде керісінше ме? Француздар қалайша ұрлауы мүмкін?
Көшіріп алған деуге толық негіз бар ма? Бар, әрине. Төлен Әбдіктің «Оң қолы» сонау 70-жылдары жазылған дүние. Ал мынау 2008 жылы жарық көріп отыр. Төлен Әбдіктің шығармалары шетел тіліне аударылғанын ескере отыра, француздар «Оң қолды» қолды қылды деуге толық құқығымыз бар. Біреуді асырып, біреуді кемітіп отырған түгіміз жоқ. Аристотель айтпақшы, «Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат». Үтір, нүктесіне дейін көшірілмесе де, идеясы толықтай ұрланған. Бір жақсысы – шетел оқиды, бір жаманы – ұрлайды. Бірақ, ең бастысы сезім ұрланбаған. Ұрлай да алмайды олар. Алма мен дәрігердің арасындағы таңғажайып сезімді айтамын.
Мұндай даулы мәселелер көп әдебиетте. Мүмкін, француздар білмей қайталап қойып отырған шығар? Ол да бар. Дегенмен, ақиқаттың шығары анық. Бастысы мәселенің ұшы шықты. Нүктесін оқырман мен көрермен қойсың. Егер болса…
P.S. Бір жолаушы: «Естідің бе, бір жазушы бір жазушының шығармасын көшіріп алыпты дейді. Масқара емес пе?» десе екінші жолаушы: «Одан маған келіп-кетер пайда жоқ. Сен одан да доллардың бағамы түсті ме, соны айтшы. Қай қайдағы жазушыларды айтып басымды қатырасың-ай кеп» деген екен.
Ерболат ҚУАТБЕК