Көмір алабы – архив құжаттары беттерінде

Қойнауы қара алтынның қорына бай қазыналы өлке Қарағандының төсінде орналасқан алғашқы көмір өндіру орны «Қарағанды» мемлекеттік көмір тресінің құрылғанына биыл 95 жыл толмақ. Тарих беттеріне үңіле келе алғашқы тас көмірқабатын тапқан Аппақ Байжанов екенін ескерсек, деректерде бұл кезең 1833 жылдар деп көрсетіледі. Демек, Қарағанды ғасырдан аса уақыт бойы көмір кенін өндіру арқылы еліміздің индустриалдық дамуына орасан зор үлесін қосып келеді.

Сонау 1930 жылдардың басында Қарағандының жаңа бастамасы қаланды. КСРО Халық шаруашылығы жоғарғы кеңесінің төрағасы В.Куйбышевтің бастамасымен «Республикадағы көмір шахталарын құрылымдау бойынша мемлекеттік басқарма туралы» ереже барысында «Казахстройуголь» тресі құрылады. Осы бағытта тау-кен жұмысына басшылық ету үшін еліміздегі көмір өндірісінің негізін қалаушылардың бірі Корней Осипович  Горбачев келді.

КСРО Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1930 жылғы 16 ақпандағы Қаулысымен жаңа көмір бассейнін игеру үшін «Қарағандыкөмір» тресі құрылды. Қарқынды геологиялық барлау жұмыстары кен орнында геолог Д.Бурцевтің басшылығымен басталды. Архив құжаттарында 1930 жылдың 7 маусым күні К.Горбачевтың жұмыс басшысы, геолог Д.Бурцевке: «Бұл жерде Новый қабатына арналған шахта болады» деген жазбасы сақталған. 1931 жылы көлбеу шахталардың құрылысы басталып, геологтар барлаған көмір қорына 23 барлау-пайдалану шахтасы салынды. Бұл жөнінде 1932 жылғы 13-18 қаңтардағы 7-ші сайланған БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 3-ші кеңейтілген Пленумының хаттамасында:

«Қазақстан жер қойнауының орасан зор байлығымен 1932 жылы Одақтық Үкімет айқындаған Қарағанды мен түсті металлургияны дамытуға орасан зор инвестиция алады. Қазақстанды индустрияландырудың, қазақ ауылын кеңестік қайта құрудың, еңбек күштерін қазіргі қоғамның маңдайалды озық тобының қатарына тартудың неғұрлым жылдам қарқыны үшін жағдайлар жасалуда. «Бірнеше жыл бұрын астық проблемасы болғандықтан, қазіргі уақытта көмір мәселесі шешілмей, социалистік құрылыстың жылдам қарқыны мүмкін болмайтын маңызды саяси және экономикалық міндетке айналуда» (Орталық Комитеттің 15-08-31 жылдардағы шешімі). Сондықтан Қарағанды көмір бассейнін дамыту міндеттері – Қарағанды ұйымы мен Қарағанды жұмысшыларының ғана емес, бүкіл партия ұйымының және Қазақстанның барлық еңбекші бұқарасының міндеті. Қарағанды бассейнінің басқарушысы жолдас Горбачев пен аудандық партия комитетінің хатшысы Будрейконың 1931 жылы атқарылған жұмыс және 1932 жылғы өндірістік бағдарлама туралы баяндамасын тыңдап, өлкелік комитет пленумы:

1) Қарағанды бойынша Орталық Комитеттің қаулысынан кейін бір жыл өткеніне қарамастан, 1931 жылы 293 мың тонна көмір өндірілді, ал бұған дейін қолданыста болған жылдар ішінде орыс және шетел капиталистері тек 280 мың тонна өндірді;

2) 1931 жылы геологиялық зерттеу нәтижелері Орталық Комитеттің «көмірдің орасан зор қорларының болуы, олардың кокстелуі, көмірлердің пайда болуының қолайлы сипаты Қарағанды көмір кен орындары базасында КСРО-ның үшінші қуатты көмір алабын тезірек құруды талап етеді»деген шешімін толығымен растады. Қарағанды қазір КСРО-ны одан әрі индустрияландырудың негізгі буындарының бірі екені сөзсіз. Анықталған жерүсті және жерасты ресурстары Қарағандыда көмір және химия өнеркәсібін өрістетуді қамтамасыз етеді;

3) 1931 жылы 23 барлау-пайдалану шахтасы салынды, оның ішінде 17-сінде көмір өндіру жүргізілуде және 11 шахта күрделі шахталарға қайта жаңартылуда, ұзындығы 23 шақырым уақытша су құбыры салынды. Қарағанды-Қазақстанның металлургия, химия және басқа да өнеркәсіп салалары үшін энергетикалық база. Қарағанды-Оңтүстік Орал, Орта Еділ және Башқұртстан үшін негізгі көмір базасы. КСРО-ның үшінші көмір базасы Қазақстанның барлық жұмысшы мен еңбекші тобына, кеңестік, кәсіптік ұйымдарға, ВЛКСМ-ге және әсіресе қазақстандық партия ұйымына айрықша жауапкершілік жүктейді» деп көрсетілген.

1934 жылы «Қарағанды» тресі «Қарағандыкөмір» тресі болып өзгертілді, ол өз кезегінде 1942 жылы «Қарағандыкөмір» мемлекеттік көмір комбинаты болып қайта құрылды.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қарағанды еліміздің ең басты көмір базаларының біріне айналды. «Қарағандыкөмір» Донбастан көшіріліп әкелінген 10 мың білікті жұмысшылар мен мамандарды қабылдап орналастырды. А.Г.Стаханов 31-ші шахтаның бастығы болды. Жаңа шахталар салынып, ескілері қайта жабдықталды. 1942 жылы наурызда «Қарағандыкөмір» одақтық тресінің жүйесінде Сталин, Ленин, Киров руда басқармалары ұйымдастырылды. Бұлардың қарамағында жұмыс істеп тұрған 24 және салынып жатқан 15 шахта болды. Ұлы Отан соғысы жылдары бассейнде 45 млн 899 мың тонна көмір өндірілді. Мұның өзі 1856-1940 жылдар аралығында өндірілген көмірден 1,5 есе артық еді.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1965 жылғы 26 қарашадағы №812 қаулысы негізінде «Қарағандыкөмір» комбинаты таратылды.

КОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесінің 1970 жылғы 28 мамырдағы №376 қаулысын, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1970 жылғы 24 маусымдағы №392 қаулысын және КСРО көмір өнеркәсібі министрлігінің 1970 жылғы 3 маусымдағы «Көмір өнеркәсібін басқаруды ұйымдастыруды жетілдіру туралы» №253/1 бұйрығын орындау мақсатында Қазақ КСРО аумағында орналасқан көмір кәсіпорындарын басқаруды қайта құру «министрлік – комбинат – кәсіпорын» схемасы бойынша жүргізілді, осыған байланысты КСРО көмір өнеркәсібі министрлігіне тікелей бағынатын «Қарағандыкөмір» мемлекеттік көмір комбинаты қайта құрылды.

КСРО көмір өнеркәсібі министрлігі 1970 жылғы 12 маусымдағы №271 бұйрықпен комбинатқа №19 Шахта, Горбачев атындағы шахта, №70,23,31,36/42,33/34,12/12 шахталар, Костенко атындағы шахта, Қарағанды орталық байыту фабрикасы, Энергозавод, Тау-кен-көлік жабдықтарын жөндеу зауыты, Тау-кен-шахта жабдықтарын жөндеу зауыты, мамандандырылған шахта-монтаждау басқармасы, әскерилендірілген күзет бөлімі, шахталарды газсыздандыру басқармасы, өндірістік-техникалық байланыс торабы, асханалар тресі және т.б. кәсіпорындар мен ұйымдарды бағындырды.

КСРО көмір өнеркәсібі министрлігінің 1971 жылғы 15 шілдедегі №313 бұйрығы негізінде «Қарағандыкөмір» комбинатының 1971 жылғы 13 тамыздағы №365 бұйрығы негізінде шахталардың, разрездердің және комбинаттың байыту фабрикаларының атауларын ретке келтіру мақсатында 1971 жылғы 1 қазаннан бастап №19 шахта «Наклонная», №70 шахта «Западная», №23 шахта «Михайловская», №31 шахта «Стахановская», №36/42 шахта «Северная», №33/34 шахта «Майкудукская» болып өзгертіліп, басқа да бірқатар шахталар мен байыту фабрикаларының атаулары жаңартылды.

«Қарағандыкөмір» шахталарында бірнеше рет көмір шығару мен кен өндірудің дүниежүзілік, бүкілодақтық, республикалық, бассейндік рекордтары дүниеге келді. «Қарағандыкөмір» бөлімшелерінің ең таңдаулы ұжымдары 1972 жылдан бастап «бесжүзмыңыншылардың» Кеңестік жарысына қатысып, жылына 500 мың тонна көмір өндірді.

КСРО Министрлер Кеңесінің 1974 жылғы 1 шілдедегі «көмір өнеркәсібін басқарудың бас схемасы туралы» №544 қаулысына және КСРО көмір өнеркәсібі министрінің 1974 жылғы 20 қыркүйектегі №341 бұйрығына сәйкес «Қарағандыкөмір» комбинаты 1974 жылғы 1 қазаннан бастап өз қызметін тоқтатты. Комбинаттың базасында көмір өндіру бойынша өндірістік бірлестік ұйымдастырылды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен бірлестік 1976 жылы Октябрь революциясы орденімен марапатталды.

Қазіргі таңда «Қарағандыкөмір» көмір өндіру жөніндегі өндірістік бірлестігінің құрамында болған бірқатар шахта, кәсіпорындар мен мекемелер, байыту фабрикаларының құжаттары Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде және көмір саласының жеке құрам бойынша филиалында сақталған. Көмір саласының жеке құрам бойынша филиалы «Испат-Кармет» Көмір департаменті АҚ-ның ведомстволық архивінің базасында 2001 жылдың 1 қаңтарында құрылды. Құжаттар Қарағанды өңірінің көмір саласының қалыптасуымен даму тарихын бейнелейді. Филиал ҚР азаматтары мен жақын және алыс шетелдердің азаматтарынан келіп түскен осы өнеркәсіп орындарында қызмет атқарған жылдарының еңбек өтілі жайлы сұраныстарын растайтын архив анықтамалары мен архив құжаттарының көшірмелерін немесе архивтік үзінді көшірмелер беру арқылы тұрақты түрде халыққа қызмет етіп келеді.

Өткен күн – ертеңгі тарих! Кенді өлкенің бауырында құрылған «Қарағанды» мемлекеттік көмір тресінің құрылымы жайлы жылдар тізбегімен өрілген ғасырға жуық тарихы архив құжаттары беттерінде мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өз құндылығын арттыра бермек.

Ләззат ҚАБЫЛОВА,

Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің

көмір саласының жеке құрам бойынша филиалының

архив қойма меңгерушісі

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *