Республика күні – бірлік пен тәуелсіздіктің белгісі

Республика күні – бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. Қазақстан тарихындағы ең айрықша мәнге ие күн. Бұл күні халқымыздың егемен ел болуға деген ұмтылысы нақты саяси құжатпен бекітіліп, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы маңызды қадам жасалды. Республика күні – ұлттық рухты көтеретін, ел бірлігі мен азаттығын айшықтайтын қастерлі мереке.

Республика күнінің маңызы бір ғана тарихи оқиғамен шектелмейді. Бұл мереке – азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың арманы орындалып, халқымыздың өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік алғанын білдіреді. Егемендік туралы Декларация қазақ халқының ұлттық санасын жаңғыртып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңіне жол ашты.

Елімізде көптеген табыстардың негізінде халқымыздың бірлігі мен татулығы жатыр. Қазақстан – түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан ортақ шаңырақ. Елдің тұрақтылығы мен дамуы қоғамдағы өзара құрметке, азаматтардың ортақ мақсат жолында жұмыла білуіне байланысты. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халық даналығы бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Республика күні әр азаматқа тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуге мүмкіндік береді. Егемендік бізге дайын күйінде келген сый емес, ол бәрімізге мәлім. Тәуелсіздік – ұлт азаттығы жолында күрескен бабаларымыздың ерлігі мен кейінгі ұрпақтың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан тәуелсіздікті сақтау, мемлекетті нығайту және елдің дамуына үлес қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әсіресе жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырудың маңызы зор. Отанды сүю туған жерді құрметтеуден, ана тілді ардақтаудан, сапалы білім алып, адал еңбек етуден басталады. Еліміздің жастары Қазақстанның тарихын біліп, ұлттық құндылықтарын құрметтеп, мемлекет мүддесіне қызмет етуге ұмтылуы керек. Әділетті қоғам құру, экономиканы дамыту, білім мен ғылымды өркендету, қоршаған ортаны қорғау – ел болашағы үшін аса маңызды бағыттар. Осы мақсаттарға жету үшін қоғамда ынтымақ, татулық, өзара сенім және азаматтық жауапкершілік болуы қажет. Бірлігі бекем ел ғана кез келген қиындықты еңсеріп, жаңа белестерді бағындыра алады.

Республика күні – өткенімізді бағалап, бүгінімізді саралап, болашаққа сеніммен қарайтын мереке. Бұл күн әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатып, ортақ Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді арттырады. Еліміздің егемендігі мәңгі, тәуелсіздігі тұғырлы болсын!

Гүлмира САҒАТОВА

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті