Барды байыптау, елдікті парықтау күні

Алашты азаттыққа бастаған алғашқы қадам қай уақытта жасалды? Қазақтың соңғы ханы Кенесары дәуірінде басталды. ХХ ғасыр басында Әлихандар бастаған саналы күреске ұласты ол жорық. Десек те, тәуелсіздік таңын тезірек атырған бірден-бір құжат, әрине, 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы еді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қабылданған құжат ұлттың ғасырлар бойғы арманын жүзеге асыруға жол ашқан алғашқы саяси-құқықтық қадам болды.

Декларацияда Қазақстанның өз аумағына, табиғи ресурстарына, ішкі және сыртқы саясатына дербес билік жүргізу құқығы жарияланды. Ол кезеңде Кеңес Одағы әлі өмір сүріп тұрғанымен, Қазақ елі өз тағдырын өзі айқындауға, дербес шешім қабылдауға бағыт алды. Бұл – болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының іргетасы еді. Егемендіктің бір тасы немесе бір кірпіші емес, тұтас негізі болған құжаттың тарихи маңызын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Тарихтың ұлы көшінде ұлттың еңсесін тіктейтін, елдің ертеңіне бағыт сілтейтін шешуші сәттер болады. 1990 жылғы 25 қазан – қазақ халқы үшін сондай тарихи белестің бірі. Бұл күнді күнтізбедегі қызылмен белгіленген дата немесе жыл сайын аталып өтетін кезекті мереке деп қана қабылдауға болмайды. Оның астарында азаттықты аңсаған ата-бабаның аманаты, Алаш арыстарының асыл мұраты, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан елдік мұрат жатыр.

Сол арманның заңды жалғасына айналған 1990 жылғы Декларация Қазақстанның мемлекеттік егемендігін жариялап, ұлттық мемлекеттіліктің жаңа кезеңіне жол ашты. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, азаттықтың ақ таңы атты. Осылайша, 25 қазан мен 16 желтоқсан – бір-бірінен ажырамайтын тарихи белестер. Бірі – егемендікке басталған батыл қадам болса, екіншісі – сол қадамның тәуелсіз мемлекет құру жолындағы заңды нәтижесі.

Ендеше, Республика күнінің тарихи салмағын тәуелсіздік тарихынан бөліп қарауға болмайды. Өйткені егемендік – тәуелсіздіктің алғышарты, ал тәуелсіздік – ұлттың өз болмысын сақтап, өз болашағын өзі қалыптастыруына мүмкіндік беретін ұлы құндылық. Бұл екі ұғымның өзегінде елдік сана, ұлттық жауапкершілік пен мемлекеттік тұтастық жатыр.

Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болуы да тегін емес. 2022 жылы 29 қыркүйекте қабылданған заңнамалық өзгерістермен 25 қазан ұлттық мереке ретінде қайта белгіленді. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, егемендікке бастау болған күннің қоғамдық санадағы орнын айқындау. Ұлттық мерекенің мәні де осында: ол өткенге тағзым етумен шектелмей, бүгінгі ұрпақтың ел алдындағы міндетін еске салады.

Мерекенің шынайы қадірі алаңдағы салтанатпен, көк тудың желбіреуімен немесе құттықтау сөздермен ғана өлшенбейді. Оның шынайы мәні – әр азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін сезінуінде, туған жердің тағдырына бейжай қарамауында, мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, ана тілін ардақтауында, ұлттық тарих пен мәдениетті келер ұрпаққа аманаттауында. Елді сүю – ұрандату ғана емес, оның дамуына адал еңбекпен үлес қосу. Тәуелсіздікті қастерлеу – өткеннің ерлігін дәріптеу ғана емес, бүгінгі күннің мүмкіндігін бағалап, бардың қадіріне жету, ертеңгі ұрпақтың алдындағы парыз сонда өтеледі. Олай болса бардың қадіріне жетейік, ағайын. Ұлан-байтақ жерің, тату-тәтті елің, өз алдына дербес республикаң бар! Соны қадірлеп, шырқын бұзбай болашаққа жеткізу басты міндет.

Бүгінгі Қазақстанның басты байлығы – оның егемендігі мен аумақтық тұтастығы. Ұлан-ғайыр даламыздың әр сүйемі, шекарамыздың әр шақырымы, халқымыздың бірлігі мен татулығы – мемлекеттілігіміздің берік тірегі. Тәуелсіздік бізге тарихымызды түгендеуге, ұлттық мұрамызды жаңғыртуға, мемлекеттік мүддемізді айқындауға мүмкіндік берді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті ел игілігіне жаратып, мемлекеттің қуатын арттыру, қоғамның бірлігін бекемдеу, әділетті әрі жауапты азаматтық орта қалыптастыру.

Егемен елдің еңсесі биік, бірлігі бекем, тұтастығы мәңгі болсын!

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ